Дулат бабамыздың 5-ші, 6-шы ұлының есімдерін білесіңіз бе?

Дулаттан төрт ата тарайтынын солардың ұрпақтары жақсы біледі (Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр). Алайда Дулат бабамыздың аталмыш ұлдардан басқа тағы 2 ұлы болыпты. Бұл деректі растайтын жазбаша бір туынды бар. Жаныс Бекасыл әулие туралы мақала жазғанымда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858 - 1931) "Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма" деген еңбегімен таныстым (үзінді түрінде төменде). Сол шығармада Дулат бабамыздың 6 ұлының есімдері кездеседі:

...Жиырма тоғыз жасымда, дәм-тұздың жазғаны болар, Бұхарай Шәріп бетке алып, білім-ғылымды мақсат қылып, атқа қондым. Ғайып пірден рұқсат болғанымен, басқа түскен жақсылық пен жамандық адам баласына бір қызық дәурен екен...
...Жаратқан Алланың мейірімі шексіз емес пе, Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таң қаласың. Тамам жұртты түгендеп боласың ба, осындай лепесін Жаратқан қабыл қылған жандардан неңді аяп қаласың. Бекасыл хазірет Төлебимен аталас, жақын туыс екен. Ата-бабасына зер салсақ, Ұлы жүз Үйсіннен Албан, Дулат, Сары Үйсін, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі, Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған) тараса, Дулаттан Сиқым, Ботбай, Шымыр, Жаныс, Хангелді, Маныс тараған деседі. Ал Жаныстан Жарлықамыс, Шегір, Әгей, Жалманбет, Жанту, Аймауыт, Жантан туады екен. Жантудан Жайылмас, Ақберді, Өтеміс, Жаңабай, Қуажақ, Қожаберді, Құдайберді. Құдайбердіден Әлібек, Тоқпан, Түгел, Данай, Ақытай, Бақыбек, Құдайбек тараса, Әлібектен дақпыртынан дала тербелген Төлеби туады екен. Төлебидің бірге туған бауырлары Еліби, Өтеби, Тыныбек, Ақбота, Шекер есімді туғандары болыпты. Қалың Жаныс елі жаз жайлауға Шуды мекен қылса, қыс түсе Арыстың бойын қоныс қылады екен. Бұл ата тарату кестесін Бекасыл хазіреттің қасына еріп жүрген Төлебидің баласы Әуезбектің немересі Қабыл деген бозбаладан сұрап қағазға хаттадым...

(Торайғыр ауылы, Баянаула ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп атаның шәкірті Иманғали Мәненұлының жинағынан 1987 жылғы 20 тамызда көшіріп алған.)

Мәшһүр Жүсіптің Түркістан өңіріне қай уақытта келгені де белгілі (Уикипедиядан үзінді):
...1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Ол заманда негізгі көлік қатынасы түйе мен ат болғанын ескерсек, бұл сапарының өзі 2-3 жыл уақытты қамтыса керек. Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.
Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Йасауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыт болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлықожамен жолығады, жеті атасынан бері ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Одан кейін Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған жұртты аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына (1907) сәйкес келеді...

Сонымен Дулаттан тараған 6 ұлдың (Сиқым, Ботбай, Шымыр, Жаныс, Хангелді, Маныс) есімдерін жазып алған Мәшһүр Жүсіптің сапары 1887-1890 жылдары арасында болса керек. Ол заманда қазақтың өз шежіресің білу деңгейі қазіргіден мықтырақ болған деген оймен, бабамызда 6 ұл болғанына сенбеуге негізім жоқ. Хангелді мен Маныс я бала кезінде шетініп кеткесін ба, я олардан ұрпақ қалмағасын ба, осы күнге шейін есімдері аталмай қалды. Болашақта біреудің ескі саңдық түбіндегі жазбаша шежірелер қайта жарыққа шығып бұл мәселені айқындай түсер деген үміттемін. Ендеше бұл 2 атаның есімдерін сайтымдағы шежіреге қосатын боламын.
FaLang translation system by Faboba