ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды. Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, он бес десятинадан ер басына жер кестіріп қала болу керек пе? Мәселесі көптің көңілінде Һәм тілінде ойнай бастады. Қазақ халқынын келешектегі халын қайғырушы оқығандар Һәм ноғай туғандарымыздың білімділері газеттерде жазып, мүмкін қатар тезірек сұранып, жақсы жерге орнығып отыруды пайдалы көрді. Атақты қазақ адвокаты, 2-дума члені сұлтан Бақытжан мырза Қаратаев өзіне ерген ағайындарымен тиісті жерін кестіріп алып, қала болды. Басқа жерлерден де мұндай хабарлар естіледі. Қала боламын деушілерді үкімет те құшағын кең жайып қарсы алып тұр. Енді жұрттың қала болу жағына шығып мәслихаттасып сөз байласа, іс біткен болар еді, бірақ халықтың арасынан шыққан бағзы оқыған білімділерімізден қала болу пікіріне жан-тәнімен қарсы тұрушылар бар. Бұлардың бір кемшілігі – әлгі пікірлерін әуелгілер секілді пайдалы болса алып, залалы болса, қалдырарлықтай газет-журналға жазып, көптің сынына салмай тұр.

Бір халықтың тұрмысын түп-тамырынан бұзып өзгертуі (көшпенділіктен – отырықшылыққа, отырықшылықтан – көшпенділікке шыққан секілді) оңай іс емес. Қауіпті дертке ғалым тәуіп қанша керек болса, бұл мәселенің түйінін шешуге де сонша білім керек. Өлгенді тірілту мүмкін болмаған секілді, бұл туралы өзгеріс қате пікірмен болса, түзетуге болмайды. Қате деген нәрсе әр уақытта әрбір іс туралы әр адамда болады. Соның үшін жоғарыдағы пікірлерде бір жақсылық болмаса екеуі де қатар салыстырылып тексерілуі тілеулі. Қазір алдымызда 4-5 айлық қыс тұр. Осындай еркін уақытта қазақ халқы журнал үстінде кеңесіп, жазға шейін я қала болуға, я бұрынғыдай көшпелікте қалуға тізгінді мықтап қоярға керек. «Айқап» журналы жер сөзін мұнан бұрын да аз жазбаған болса да, бұл күнгі керегіміздің бірі Һәм біріншісі болғандықтан, төмендегі екі түрлі жобаны оқушылардың сынына қатар салып баян етуді артық деп білемін.

ҚАЛА БОЛУ КЕРЕК ДЕУШІЛЕРДІҢ ПІКІРІ

Рас, қазақ халқының жер-суға ие болып, жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауда тарлық көрмей төрт түлігі сай болып, тай құлындап, тоқты қоздап, қосты жылықы, желілі түйе, отарлы қой, қайғы жоқ, еріккеннен бірінің малын бірі қуып, кең далада құлан-киікше сайран етіп жүрген күні болған, ол күндер енді көздерінде ғана елестейді.  Мұның себебі не, халықтың өсіп, жердің өспеуі Һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллиондап жерсіз мұжықты хүкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, ата мекеннен ірге қозғалып, қазақтың шаруасының күйзелуі, 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып, ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал. Жер көп-аз болса да, бұл заман өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің діні, хақын сақтай алмай, дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал.

Жер жүзіндегі халықтардың Һәммесі біраз ғана болмаса, қала болып отыр. Мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалғаны естілмейді. Қайта бұл күнде көзіміз көріп ғақылымыз жетпей тұрған не түрлі тамаша нәрселерді (отарба, телеграмм) шығарып тұрған солар. Олар бізден кедей емес, бізден өнерсіз емес, бізден күшсіз емес. Бұларды көре тұра, біз қазақтар да қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз.

КӨШІП ЖҮРУ КЕРЕК ДЕУШІЛЕРДІҢ ПІКІРІ

Қазақ халқы көшейін деп көшіп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климатические условия) қарап көшіп жүр. Адам тұрған жерінің ауасының құлы. Қазақ отырған жер егіншілікке жарамсыз. 12-15 жыл егін салған жер тозып шаңы шығады, тағы да жаңа жерге салу керек болады. Әлгі тозған жер егіндікке жарауына 20-25 жыл тынығуы керек. Қазіргі қазақ жеріндегі хохолдар неге байып кетті десеңіздер, бұлар қазақ жерінің ең тәуірін таңдап алған, алған жері тозса, қазақтан жерді арендіге алып, өз жерлерін тың сақтап отыр. Жақсы деп орныққан жерлері нашар шығып, көшіп кеткен, яки жаңа жер кестіріп алған мұжық көп. Самар губернасында Нуұзын уезінің жері мұнан 20-25 жыл бұрын мұжықтардың ұжмағы деуге болатын еді. (Қазір Қостанай, Ақтобе уездері секілді) осы күні Орал тауынан бел асып келіп жатқан көшпе мұжықтың жүзден тоғызы Самар губерниясында тұр, қазақ жері де сол секілді. Қазақ жерінің алабы кең болса да, пайдаға жарарлығы аз. Жалғыз Балқаш көлі менен Бетпақтың шөл даласы елу мың шаршы шақырым орын алып жатыр. Бұлардан басқа да таулар, тастар, шөлдер, көлдер, сорлар аз ба?

Қазақ көшпенділікті өзі тастамаса , хүкімет еріксіз қала болғызбайды. Қазақ халқының егіншілікке айналмай, бұрынғыдай мал өсіру кәсібінде болғанда, бірінші – өзіне, екінші – мемлекетке зор пайда келтіреді. Россияның базарына жүн, жабағы, қыл, ет, тері, май жеткізіп тұрғанның көбі қазақ малы емес пе?! Оның үстіне, ғаскерге арзан Һәм көнбіс аттар қазақ жылқысынан шығатынын еске түсірсек, мал шаруасының патшалыққа келтіретұғын пайдасын санап бітірерлік емес.1901 жылы 27 сентябрьде Петербургте болған «Антропологическое обществоның» бір мәжілісінде көшпелілік жайын жақсы білетұғын Клеменц  деген ғалым айтқан: «Бұл күнгі егін салып, қала болған халықтар бұрынғы мал өсіру кәсібін басқалардың міндетті қылуымен тастамаған Һәм міндетті болудың жөні жоқ еді. Қазіргі Европада, мысалы, мәдени Швейцарияда сүттен май, ірімшік алу үшін мал өсіріп көшушілер бар. Жаңада ғана Норвегияда қой етінің бағасы көтерілу себепті егін салу, көшіп жүріп, қойды ащылы жерге бағып өсіру мәслихат көрілген». Қазақ жері егінге жарамсыздығын, мал өсіруге ғана ылайық екендігін профессор Винер қазақ тұрмысын ашына жазған Һәм жазбақта. Қазақ мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына ылайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жыл емес, дүние тұрғанша тұруда үміт бар. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек.

Ақырғы сөзім: қала болуды қуаттаушылар (өзімді де солардың бірінен санаймын) пікірі де көптен халыққа жария еткен пікір Һәм өтіп келеді. Ендігі менің бұл кеңесті жаңғыртудағы мақсатым, өзіме мағұлым, қазірше көшпелілік тараптарының пікірін халыққа паш етіп, өздерінің сүйенген дәлелдерін бекітуін күтудүр. Өзі қайда барарын біле алмай, адасып тұрған халықты бұрынғыдан жаман адастырып, басшыларымыздың екі жаққа тартуына қайғырып, тезірек бір ынтымаққа келуін тілейміз.

Мыржақып Дулатов (1885-1935)

«Жазушы» баспасы, 1991

FaLang translation system by Faboba