Ұтқыр сөзбен ділмар әйелдің бетін қайтарған Бөлтірік шешен

Ілгеріде қарақалпақ елінен шыққан бір ділмәр әйел Әулиеатаға тоқтапты. Атшабардың астындағы бір дәулетті үйге түсіпті. Сөзге шешендігі, тапқырлығы сондай, ешкімге дес бермепті. Қалың ел болып жалғыз әйелдің бетін қайтара алмағанымыз ұят деп сондағылар өзара ақылдаса бастапты. Сонда бір қария тұрып: "Қой болмас, қос ат жіберіп, төменгі Шу бойынан Бөлтірік шешенді алғызындар", - дейді. Бұл кезде Бөлтіріктің елге аты шығып қалған кезі екен. Ол келгенше әлгі әйел ешкімге дес бермей, лепіре сөйлеп отырады. Сөйтіп тұрғанда Бөлтірік шешен де келіп жетеді. Үйге кіре бергенде-ақ әлгі әйел "Қыруар Үйсіннің қай қыртысынан шығып келді екен?" - деп қағыта сөйлейді. Ал Бөлтірік болса асықпай-саспай амандық-саулық сұрасып болып:

- Асықпаңыз құдаша алыс жолдан шаршап келдік емес пе? Ас-суымызды ішіп, жайланып алайық. Қағысып қалжыңдасатын уақыт әлі алда. Бірақ, осы жақында ғана бір түс көріппін. Соны айта отырайын, сіз жори отырыңыз.
Түсімде бір таразының басына сіз бен біз түскен екенбіз деймін. Содан қайта-қайта таразының мен жақ басы баса береді.
Тіпті болмаған соң таразышы тұрып: "Осында мен түсінбейтін бір нәрсе болуы керек. Сіздер екеуіңіз де тырдай жалаңаш шешініп таразыға қайта түсіңіздер" дейді. Сөйтіп сіз бен біз әлгінің айтқанын істеп, таразының екі басына тұрған екенбіз деймін. Содан мен жақ тағы басты. Сонда әлгі таразышы:
- Е, е, енді түсіндім, Сіздің "тыртығыңыз", ал сіздің "артығыңыз" бар екен ғой деп басын шайқағаны бәтшағардың...

Бөлтірік шешеннің сөзінің аяғын тыңдауға дәті шыдамаған әйел бетін басып, далаға тұра қашыпты.

P.S. дерек "Даланың дара ділмарлары" кітабынан алынды.
FaLang translation system by Faboba