Шымкент қаласында тарихи тұлғаларға қойылған кейбір ескерткіштер

2024 жаз бойы құрылыста монолитчик-арматурщик болып істеп, қазан айында Шотландияға қайтадан кеткесін, сайтқа қолым тиген жоқ :) Қыркүйек айында Шымкенттің кейбір ескерткіштерін аралап видеоға түсіргенмін. Ендеше бұларды ютубқа салып мақала жазармын.

Бірінші болып Жібек Жолы көшесіндегі 50 үйдің алдында тұрғызылған Тұрар Рысқұловтың ескерткішін көрелік. Бұл жер аталмыш Жібек Жолы мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысы жанында орналасқан.





Жалпы Т. Рысқұловтың тағдыры жайлы мәлімет интернетте жеткілікті, бұл мақаламда оны қайталаудын қажеті жоқ деп санаймын. Бірақ көпшілік біле бермейтін бір хиқая жайлы бөлек мақала дайындап отырмын. Ол Мұстафа Шоқайды Твшкентте ЧК жендеттердің қолына түсірмей қаладан аман шығарып жибергені туралы:



Екінші ескерткіш Әз Төле би ұлдарының бірі Жолан батырға қойылған. Жатқан жері Жаныс баба кесенесінің қасында.



Бұл тұлға жайлы ғаламторда мынадай дерек бар:

Аты әмбе қазаққа әйгілі Төле бидің сегіз әйелінен 12 ұл, 8 қыз өмірге келген. 12 ұлдың сегізінен ұрпақ бар. Осы сегіз ұлдың бәрі де әкелері тәрізді ел таныған азаматтар болған. Бұлардың ішінде, әсіресе, Жоланның орны бөлек. Ол – ХVІІІ ғасырдағы қазақ дипломатиясының көрнекті өкілі.



Тарихқа көз жүгіртсек, қалмақтар Тәшкендi үшiншi рет жаулап, қазақ үшiн алмағайып шақ туғанда Сырға шегiнген Төле биге екi-үш жыл болса да тыныс алу қажет едi. Қала берді, қазақтардан ортақ әскер құрау үшiн де уақыт керек болды. Әрі Сайрам, Түркiстан тараптағы қалмақтардың тосыннан соғатын шабуылдарының алдын алу үшiн Төле би ойрат тайпаларының «аманатқа балаңды бер» деген ұсынысына амалсыз көнеді. Ол ұлдарының ішінен аманатқа Жоланды жібереді. Ел басына түскен қиын-қыстау заманда жау ортасына баруға Жолан да қарсы болмаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Жолан батыр ойрат ортасына 1742 жылы 24 жасында барған. Аласапыран кезеңде басын бәйгеге тіккен баба ерлігін бүгінгі ұрпақтың ұмытпауы маңызды.

2024 ж тамыз айнының басында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жалындай жарқыраған ер Жолан» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оған ҰҒА академигі, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты математика және информатика институтының бас директоры Тынысбек Калменов, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, запастағы генерал-майор Ержан Исақұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстың құрметті азаматы Досыбай Шерімқұлов секілді есімдері елге танымал бірқатар азаматтар қатысты. Жиын барысында «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Әлібек Өмірәлиев кіріспе сөз сөйлеп, кітаптың өскелең ұрпаққа беретін рухани мәніне тоқталды. Сондай-ақ, кітап авторы, көрнекті жазушы Шойбек Орынбай Төле бидің бел баласы, батыр әрі елші Жолан туралы түрлі деректер келтіре сөйледі. Көп жыл бойы қазақтың төбе биі – әз Төле туралы ізденіп, танымдық-тарихи роман жазған жазушы Жолан батыр жайлы кітап жазу барысында кездестірген тың мәліметтерімен бөлісті.

Аталмыш кітапта ұлтымыздың мемлекет болып қалыптасуындағы ауыр кезеңдер бейнеленген. Аласапыран уақытта ел сенімін ақтаған ерен батырымыздың бірі Жолан еді. Қытай жазбаларында Жалун батур деген атпен тарихта қалған батырдың өмірі бүгінгі ұрпаққа өнеге берері сөзсіз.

«Жолан батырдың қандай тұлға екенін толық білуіміз үшін оның өмір сүрген кезеңіне терең үңілуіміз керек. Ол кезде жоңғармен жаға жыртысып, жаралы бөрідей қансырап жүрген кезіміз. Кең байтақ даламыз Қытай мен Ресейдің құлқынында жұтылып кетпеу үшін арпалысқан заман. Сондай аумалы- төкпелі алақұйын заманда Төле бидің айтуымен елдесуге барған адамды әрине батыр дейміз. Анталаған дұшпанның ортасына басын қатерге тігіп барған әрі ел сенімін ақтаған Жолан батырдың ержүректігін қалай дәріптесек те жарасады» деді Шойбек Орынбай.

Википедиядан Жолан батыр жайлы тағы бір мәлімет:

Жолан қазақ жерлерін жоңғарлардан азат ету кезіндегі бірқатар шайқастарға қатысқан. Екі рет Жоңғар қонтайшыларының қолында аманатта болып, ғұмырының 14 жылын сонда өткізген. Жолан көршілес қырғыз халқымен арадағы даулы мәселелерді шешуге ат салысып, мәмлегерлік қызмет те атқарған. 1758 жылы Цин империясына Хангелді батырдың інісі Пұсырман би мен Меңнияз би, Жолан батыр бастап үшеуі қытай еліне елшілікке барған. Бұлардың осы сапарын сол заманның салт-дәстүрі бойынша италияндық суретші Джузеппе Кастильони салыпты. Бұл жайында «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Алматы «Дайк-Пресс» баспасынан 2005 жылы жарық көрген «Қазақстан Тарихы туралы Қытай деректемелері» атты кітаптың ІІ-ІІІ томында берілген. Ол кітапта: - "Міне биыл Төле бидің жасы 93-ке келді, Хангелді болса, ол да 70 жасқа толған, сондықтан олар өздері ұзақ жол жүре алмайды. Осыны ескере отырып, біз, Әбілпейіз хан, Төле би, Хангелді және Сасық би ақылдаса келіп, Төле бидің ұлы Жолдан мен Хангелдінің аталас бауыры Босұрманды /мұсылман, пұсырман/ елші етіп жіберіп, біздің атамыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келдік. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат (Үш үйір атты мңзеп отыр) пен амбанға (Губернатор) беретін сыйлық ретіндегі 1 бөлік атты апармақ" - деп жазылған.

Жолан бұл елшілік сапарында қытайдың Шианлұң патшасына көп тарту-таралғымен бiрге қазақтардың мемлекет ретiндегi мүдделiк аманатын апарады, Қазақ елшiлерiн Шианлұң патшасы Бежiн (Пекин) қаласында қабылдайды. Жоланның ұтқыр сөздерiне разы болған патша олардың барлық ұсынысын қабыл алған. Онда Жолан тарапынан мынадай ұсыныстар қойылған; а) Жоңғар Алатауының шығыс бөктерi (қазiргi Шыңжан өлкесi) мен Тарбағатайдың арғы жағындағы кең алап – қазақ даласы боп танылсын; ә) Жоңғариядағы таққа таласқан Әмiрсананың көтерiлiсi арқылы туындағын қазақ-қытай соғысы тоқтатылсын; б) Екi ел өз алдарына бейтарап мемлекет екендiгi танылсын: Екі ел арасында сауда керуендері мен көші-қон жұмыстары еркін іске ассын!» Жоланның ұтқыр сөздерiне ырза болған Шианлұң патшасы оған көп сыйлық берiп, шығарып салады. Бұл туралы Қытайдың «Шианлұң жылнамасының тарихында: «23- жылдың 11-айында батыс бөлiк қазақтардан келген елшiлер Жолан мен Мұсырманға және бұрыттардың елшiсi Ноқы қатарлы адамдарға 1000 сәрi күмiс ақша сыйлады» деп жазылған. Олардың 23-жылының 11-айы – бiздiңше 1758 жылдың қарашасы.

Тарихта алып аждаһа атанған Қытай мемлекетiнiң басшысымен осындай келiсiмге келу, әлбетте, оңай шаруа болмағаны анық. Бiрақ Жолан мұның үдесiнен шыққан. Осы ерлiгiнiң өзi-ақ, оның есiмiн қазақ тарихының бетiне алтын әрiптермен жазуға жеткiлiктi. Бұл сапардағы әңгiмелер мен түзiлген келiсiм-шарттар тұтас бiр кiтапқа арқау боларлық дүние. Міне, Жолан Төлеұлы осындай тұлға болған.

Ал парижден табылған құнды суреттің фотокөшірмесін қазақ топырағына әкелген профессор Меруерт Әбусейітова болса, тарихын салыстыра зерттеп, 1758 жылы Жоңғар хандығы талқандалғаннан кейін Цин императорына елшілікке барған Жолан Төлеұлы бастаған Пұсырман би мен Меңнияз қожа екенін анықтаған профессор Сейітқали Мәдуанов. Фотокөшірмені жасаған суретші Асейн Жұмабеков, ал жоба жетекшісі айтулы өнер шебері Ерболат Төлепбай. Сол секілді, ұлттық тарихқа қосылған дүниені елге жеткізіп, игілікке жарату ісін ұйымдастырған азамат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоланның тікелей ұрпағы Мүсілімбай Дайырбеков екенін де айта кетуіміз керек. Жолан батырдың Баба, Жәнібек, Байгел, Жақабай, Жайылмас, Оратан, Бостан есімді ұлдары болғандығы белгілі. 1906 жылы Сайрамсу бойына келімсектердің қоныстаныуына қарсы шыққан Досалы би Жоланның тікелей ұрпағы. Жоланның бәйбішесі Данагүл де ақылы дария дана әйел болған. Ол туралы ел аузында көп әңгімелер сақталған. Ол жайлы бөлек бір мақала дайындаймын.

Аталмыш ескерткіштін артында кішкентай табличка үстінде жобаға байланысты дерек бар:



Үшінші ескерткіш тегі Жаныс-Шегір елінен шыққан Өтеуіл (Ақпан) Нұрбайұлының ескерткіші. Орналасқан жері - Жібек жолы мен Ақпан батыр көшелерінің қиылысында.



Ақпан (Өтеуіл) Нұрбайұлы (1701-1779 ж.ж.) XVIII ғасырда қазақ елін қалмақ және қоқан басқыншыларынан Әбілқайыр, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Саңырық, Жәнібек, Бұғыбай, Рысбек, Қойгелдімен тізе қосып қорғаған белгілі батырлардың бірі.



Ақпанның туған жері Ташкент пен Шымкент аралығындағы киелі Қазығұрт тауы. Қазақтың Геродоты атанып кеткен, тарих ғылымдарының докторы Тотай Тұрлығұлов пен Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының мүшесі Сәбит Дүйсебаевтың «Ақпан батыр» деген мақаласында, Ақпанның шын аты Өтеуіл болғаны, оның көздері аттың жанарындай ұясына сыймай ақшиып тұратындықтан, жеңгелері «Ақпан» деп атап кеткені және есейе келе еліне сол Ақпан есімімен белгілі болғаны туралы айтылған.
Ақпан батыр 1710 жылы Бұқар әмірлігінен бөліне сала көптеген шет жерлерді басып алған Қоқан хандығының басқыншылығына қарсы соғыcтарды басқарды.
1723 жылы жоңғар хонтайшысы Сыбан Рабтан қазақ жеріне жүз мың әскерімен аттанады. Қаптаған жауға қарсы күреске Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды дана билер мен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қожаберді батыр, Шақшаұлы Жәнібек, Қойгелді сынды күрескерлер қатарында қол бастап Ақпан батыр да атқа қонады.
Қазақтармен екі ғасырдан астам уақытқа созылған мейлінше титықтаған Жоңғарияны 1756-1758 жылдары Қытай мемлекеті жер бетінен біржола жойып жібергені тарихта белгілі. Міне, осы аралықта, 30-35 жыл бойында Ақпан батыр елі үшін, жері үшін қалмақ басқыншыларына қарсы соғыстан шықпаған. Оның ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз, өнеге болып жеткен.
1729 жылы «Алакөл» қырғынында үш жүздің біріккен жасақтары қалмақ ханы Амурсана қолымен жан аямай соғысады. Жердің шетінде, жаудың бетінде жатқан найман, жалайыр, албан, суан елдерінің жанқиярлық ерлік күресінің бел ортасында Ақпан да өз қолымен бірге болады.
Содан кейін Ақпан батыр Шыршықта (Ташкенттің түбінде) Цван Сереннің қолбасшысы Жоғастың әскерін талқан етіп, қалың дулат, қоңырат, қаңлы елдерінің рухын көтереді. Бұдан соң тарихта белгілі «Қара қыстақ соғысында», «Бұланты» қорғанында, «Аңырақай» шайқасында Ақпан батыр соғыс тактикасын жете меңгерген қолбасшы ретінде көзге түседі.
Мәселен, Ақпан 100-ден 100-ге дейін мергендер жасақтап, топ-топқа бөліп, үнемі дайын алып жүрген. Өзі шебер қолданатын «Ай қораланды» әдісімен жауды айнала қоршауға алып, әр тұстан атқылап қырып, есін алған. Артынша жау шебіндегі абыржушылықты пайдаланып, негізгі қолмен жайпап өтетін болған.
1756 жылғы Шу маңайындағы соғыста Төле би, Қазыбек би, Жолбарыс хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен тізе қосып, қалмақтың қолбасшысы Донықтың отыз бес мыңдық әскерін талқандауда ерлік көрсеткенде Ақпан батыр қазаққа танымал батыр еді.
Тек батырлығымен ғана емес ақылымен, саясаткерлігімен де танылған Ақпанды Төле би өз жанына баулып, ел тағдыры шешілер тұстарда халқына қалқан етіп ұстаған.
Ақпан батыр жасы жетпістен асқан шағында да найзасын тастамаған. Сондай жорықтардың бірінде Әулие ата маңындағы Қоқан хандығы датқаларының зомбылығына араша түсіп, Сайрамға қашқан датқаның қолын өкшелей қуып, келе жатқанда, Жуалы жеріндегі Балақұлан тауының Құланды асуында жау оғынан мерт болады. Оның сүйегі өзінің Өтеуіл атымен Түркістанға қойылады.
Қазақта екінің бірі батыр болмаған болса, осынау ұлан-байтақ жер осы күнгі ұрпаққа аман-есен тұтастығында жетер ме еді?! Сондықтан да, біз ақын болғанымыз үшін қысылмайтын болсақ, батырлық қасиетіміз үшін де ұялмайтын халықпыз, деп түйіндейді осы деректердің авторлары тарих ғылымдарының докторы Тотай Тұрлығұлов пен Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының мүшесі Сәбит Дүйсебаев.

Шымкент қаласында Ақпан батырдың есімін иеленген мектеп пен көше бар. Тиісті қызмет пен тұлғалар ескерткіштің аумағына уақтылы назар аударып ретке келтірсе екен деген бір тілегіміз бар.

Бұл мақаланың бастамасы ғана.
FaLang translation system by Faboba