Бұқар жыраудың Дулаттың батырлары туралы жырлағаны

...Аңырақайда тауы шағылған жоңғарлар қаша жүріп ұрыс салды. Шамал бастаған қалмақтың қолы Орта Бақай, Нарын деген жердегі Көкшекөлдің жағасына шоғырланды. Оларды өкшелей қуған Наурызбай батырдың қолы Айнакөл деген жерге тоқтап шатырын тігеді. Мұны білген Шамал ұрысты қалай жүргізетінін келісуге елшісін жібереді. Екі жақ та дәстүрлі жекпе-жекке келіседі. Қазақтар жағынан жекпе-жекке Шойбек, Сеңкібай, Дәулет Мәмбет, Қалмақтардан Қаңғыр (Ханхор) Мұқыр, Мандобор, Домбайыл шығады. Жоңғарлардың Мұқырдан басқасы жер жастанып, Мұқыр жеңіл жараланып жаны қалады.

Қазақ жасақтары Матай баурындағы, Бақай, Шеңқанай бойындағы жерлерді жаудан азат етті. Шамал шеріктерінің ендігі қалғанын Бегенжүрек, Ешкіөлмеске дейін қуу міндеті тұрды. Бұл оқиғаны Қазыбек бек былай жазады: «Текеліге қарай еңісте тағы бір үлкен соғыс тұрды. Өйткені суы, суаты мол Текелі ойпатын, Қаратал бойын босату жетісулықтар үшін арман болатын. Әсіресе арамыздағы Шойбек пен Сеңкібай қолы Арқастың Қапалына жетпей тоқтағысы жоқ болатын. Өйткені Баянжүректе, Ешкіөлместе Жаныстың әлі көбі қалмақ қолында қалған-ды.

Текелі ойпатында қиян-кескі ұрыс болды. Мұны да алдымен дәстүрлі жекпе-жек болып, жарасы жазылған Мұқыр, Шамалмен болған ұрыста Шойбек батыр өлтірген Қаңғырдың інісі Анжы батыр қалмақтың қолын қайта көтеріп, жан бітірді. Дәулеттің найзасынан аман қалған Мұқыр батыр Суан – Байтүгел – Жылгелді Бағай батырдың қылышынан ажал тапты».

Хан Абылай қытаймен шекаралас Айдынсу өзеніне жақын Шимойынға қолын түгел жинауға әмір береді. Жеңіске арналған осы тойда Қарт Бұқар жырау топтан топты аралап өзінің мадақ жырын жырлайды. Бұл ұзақ толғауында Бұқар жырау шайқастарға қатысып ерлік көрсеткен, жекпе-жекке шыққан батырлардың барлығының да атын атап жырға қосады. Сол ұзақ толғаудан үзінді келтірейік:

-Оу, халайық, үш жүзім!
Көріңдер бүгін хан жүзін,
Айдынсудың ақ жүзін,
Шимойында күз еді
Күзі енді жаз болды
Шүршітті жеңген Абылай
Көңілі көкте мәз болды
Тасыды көңіл, тасыды
Дұшпанның көңілі жасыды
Қазақ қазақ болғалы
Көрді ме мұндай жеңісті?!
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай
Қиядан қиқу салғанда
Қазағым халқым – батырым
Дұшпанын жерге тіреді,
Бауырын сөгіп іреді.
Ерегіскен қос дұшпан
Қара жерге кіреді
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан,
Сіргелі қара Тілек,
Қарақалпақ Қылышбек,
Текеден шыққан Сатай Бөлек,
Батырлардың асқары
Қазыбекұлы Қасқары
Қаумен Дәулет қасында
Бақ-дәулеті басында
Сеңкібай мен Шойбек бар (*екеу де Жаныс Дулат)
Таңсық қожа Мәмбет бар...
Асылдан шыққан Еспенбет,
Қалмақтың жолын кескен көп
Жауырыншы көріпкел
Албаннан асқан Хангелді.
Қарақалпақ жиналып,
Алдына тартты Жангелді
Сәменім – ерім Ботбайым,
Екі көзі оттайым...
Қалай айтпан Шымырды?
Шымырдан шыққан Қойгелді
Жауын тапап жымырды...

Бұл деректер "Батыр - елдің сәулеті" атты кітаптан алынды. Авторы Байдалиев Д.

FaLang translation system by Faboba