"Сиқымнан Әжібай келді түмен...Мың кісі келді Сәмбеттен...Бестеректен келді Бесқожа..."

Берлин қаласында 1837 ж. дүниеге келген Фридрих Вильгельм Радлов (кейін Ресейде Василий Васильевич Радлов деп атанып кеткен) 19 ғасырдың ортасында түркітанушы қызметімен қазақ даласында халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, 1870 ж. Санкт-Петербург қаласында "Наречия тюрских племен, живущих в южной сибири и джунгарской степи" деген бірнеше томдық жинағының 3-ші бөлімін басып шығарды (кітаптағы қазақша мәтін латын әріптерімен жазылған). Сол басылымда "Қазақтың бұрынғы заманның батырлардың өлеңі мен мақала сөз" атты VIII бөлімінің 77-ші бетіндегі "Кенесарының жырынан бірнеше ауыз" деген тарауында мынадай бір мәлімет жазып қалдырған:


"Қыстың бір алты айы өткен соң,
Жаздың бір алты айы өткен соң,
Аспара деген етектен
Елім бір көшіп өткен соң,
Іргелесіп отырып,
Елу саба толтырып,
Әуелгі жұрттың жақсысын
Шақырып үйге келтіріп.
Астау-астау ас тартып,
Ақсақалға бас тартып,
Жартыбай батыр жалғыз кеп,
Отыр екен қырық мың кісі алғаш кеп.
Жындыбайдан Бүгеу кеп,
Өңкей батыр екеу кеп,
Сиқымнан Әжібай келді түмен,
Батырбектің буымен,
Құрман келді Қожадан,
Мың кісі келді Тамадан,
Өңкей батыр ағадан,
Мың кісі келді Сәмбеттен,
Байзақ келді Мәмбеттен,
Бестеректен келді Бесқожа,
Кене хан мен Сәлмен бай,
Аты жұрттың бәрін тамам қылған соң
Шабуылшы шапты қыр жақпен,
Шапқыншы шапты ой жақпен,
Түн ортасы болғанда
Хабар берді Рақпан."

Бұл жерде аталған Шымыр руының тумасы - Байзақ Мәмбетұлы (осы сайттағы шежіреге кейінірек қосамын) және де Сиқым тармағынан шыққан Батырбек Рысбекұлы туралы да айтып кеткенім дұрыс болар. Жалпы Кенесарының қырғызбен соғысында қазақтардың ішінде Дулаттар ерекше шығынға ұшыраған. Байзақ батырдың өмірі өте ауыр аумалы-төкпелі дәуірге дөп келді. Хан Кененің Жетісуға келгені, Ұлы жүз қазақтарын орыспен қатар қырғыз, қоқан сарттарына қарсы қояды. Бұл кезеңде өз шығынын берген ұлы жүз қазақтарына енді екінші қауіп келді. Қоқандықтар ұлы жүз қазақтарын орыстарға қарсы қалқан ретінде пайдаланды. Ал, орыстар болса, өзінің жаңа қаруының құдіретімен жергілікті қазақтарды қырып-жойып, жасытып алуды көздеді. Міне, осындай жағдайлар сол кездегі ел билеген ерлерге ауыр салмақ салғаны түсінікті. Әсіресе, Байзақ батыр тұсында жан-жақтан қоқан, қырғыз, орыстар көз тігіп отыр еді. Өйткені, Байзақ датқа билеген ел Алматы облысы мен Ташкенттің аралығын қоныстанды. Осындай жағдайда Байзақ батыр өте сақ, байсалды саясат жүргізе білді. Бірақ ақырында қоқандықтар Байзақ датқаны алдап, Шымкент шахарына шақырып алып зұлымдықпен өлтіреді. Байзақ датқаны зеңбірек ауызына байлап Қошқарата маңында атқанда (қоқандық Құдияр ханның жарлығымен) шынашақ саусақтары Серкебайдың (Байзақ Сайрам қаласының биі етіп қойған, Шымырдың Төле руынан шыққан) алдына түскен екен. Серкебай би шынашақты орамалға түйіп, еліне апарып, Ақмолда есімді Байзақтың ұлына берген. Осыдан кейін екеу Байзақтың кегін алу үшін Әулиеатадан Қаратауды жағалатып, түнделетіп орыс әскерін бастап Шымкентке келеді. Шымкент қаласының қазіргі Ордабасы алаңында орыс әскері зеңбіректерін орнатып топтай атқанда, Қоқан сарбаздары еш қарсылықсыз қақпадан шығып, Ташкентке қарай қаша жөнелген. Атақты Майлықожа ақын "Қонысты орыс алғаны" атты өлеңінде:

"Және бір Шәрнәйіппен қосын келді,
Бұ қосын тау жағынан тосын келді,
Жазықсыз Байзақты өлтіргені,
Қоқанның дәулетіне кесір келді"
- деген жолдармен суреттелген. (Байзақ Мәмбетұлы жөнінде мәлімет "Түлкібас өңірінің тұлғалары мен топонимикалық аңыздары" атты кітаптан үзінді болып алынған. Авторы - Оразбаев Қ.М, Сариева М.Х., 2014)

Ал Батырбек Рысбекұлы (Батырбек датқа) 1795 - 1885 ж. аралығында өмір сүрген. Шежіресі қателеспесем мынадай (20.10.2019 сайттағы шежіреге қостым): Дулат-Сиқым-Жәнібек-Құттыбай-Бабасейіт-Борас-Есбосын-Тілеуқабыл-Жауыш (Жәуіш) -Жаманесті (Есті)-Қарабатыр-Шінет-Рысбек (Ырысбек). Қыстауы, жаз жайлауы – Жуалыдағы Бөкей тауының етегінде қазір “Батырбек сазы” деп аталатын орманды алқап. Батырбек өз дәуірінде Жуалы, Оңтүстік Түлкібас, Сайрам аумағына, Шымкент төңірегіне билік жүргізген. Байзақ, Сапақ датқалармен сыйлас, дос болып, Қоқан хандығына қарсы күрес жүргізген, Кенесары бастаған көтеріліске қолдау көрсеткен. 1860 жылдардағы Орыс патшалығымен болған соғыстардың барлығына ұлдарымен бірге қатысқан. 1860 ж. Ұзынағаш шайқасына қатысты. Бұл кездері датқа қарт еді. Ұзынағаш, Әулие ата, Шымкент, Манкент, Ташкент түбінде болған соғыстардың барлығына Сыздық сұлтан әскерінің құрамында оның ұлдары қатысты.

1863 жылы Батырбекке полковник М.Г. Черняев пен Шоқан Уәлиханов арнайы жолығып, Оңтүстік өңірді қоқандықтардан азат ету жөнінде пікірлескен. Осы соғыс кезінде ол алдын ала қам жасап, халықты қырғыннан аман алып қалды. Батырбек Құнанбай Өскенбайұлы, Мұса Шорманұлы, Шыңғыс Уәлиханов, Андамас, Мырқы, Нұрпейіс, т.б. белгілі адамдармен таныс-біліс, құдандалы болған. Өзінің қыстауының жанынан үлкен мешіт салдырып, жанынан медресе тұрғызды. 1874 жылы Меккеге қажылыққа барып, Қасымбек датқа, Құнанбай, Аңдамас, Мырқы, Нұрпейістермен бірігіп, 3 тәккия(қонақ үй әрі медресе қызметін атқарған үй) салдыртқан.

Батырбектің кіндігінен 11 ұл, 5 қыз тараған. Батырбекті кезінде Шөже, Майлықожа, Мәделі ақындар мадақтап, жырға қосқан. Оның қайраткерлігі, ерлік істері жазушылар С.Бақбергеновтың “Алтын құс”, Ә.Жылқышиевтің “Дауылдан кейінгі жорық”, М.Қалдыбайұлының “Бәйдібек баба арманы”, А.Өтеуліұлының “Сиқым шежіресі” атты кітаптарында айтылады. Денесі өзі салдырған мешітінің жанына қойылып, басына үлкен күмбез тұрғызылған. Басына халық келіп зиярат жасайды. Ұрпақтары негізінен Оңтүстік өңірдің Жуалы, Талас, Түлкібас, Бәйдібек, Сайрам аудандарында тұрады.

FaLang translation system by Faboba