Дулат баба қай ғасырда өмірге келген?

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» деп аталатын кітап көпшілікке беймәлім. Автор "Шипагерлік баян" кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша жаза бастағаны туралы, содан Жәнібек хан дүние салған жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. Кітаптың алғашқы бетінде былай жазылған: «Хан жарлық дестір жазмыш иегер Өтейбойдақ Тілеуқабылұғлы бин Ұлұ йұз, бин Зарман, бин Албан – әл Құзорда» (аудармасы: «Хан жарлығымен кітап жазған иегер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Ұлы жүз, Зарман, Албан, Құзорда») делінген.


Осылайша Өтейбойдақ кітапты кімнің жарлығымен жазғаны, авторы, ата-тегі және қай қалада жазғаны жөнінде анық көрсеткен. Керей мен Жәнібек хан бастаған елге Есенбұға хан Моғолстанның батыс шекарасындағы Шу мен Қозыбасы аралығын бергенін, осы өңірде алғаш рет 1465 жылы Қазақ хандығы құрылғанын Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректерінен білеміз. «Шипагерлік баянда» Өтейбойдақ Жиренше шешен екеуі Қазақ хандығының орталығы Ақордаға (Құзорда-Баласағұн) барып, Жәнібек ханмен кезіккені туралы айтылады.

Өтейбойдақ «Шипагерлік баянды» Құзорда-Баласағұн қаласындағы Жәнібек хан ордасында 4-5 жылдай уақыт жазумен айналысып, кітапты аяқтар алдында былай дейді: «Қуанышым ерте болған екен. Сол күні қанқұйлы хан Темір (1* ойрат-қалмақтардың Өз Темір тайшысы) ойда-жоқта қанды қырғын бастады да, Жәнібек хан қаза болды. Мен жан сауғалай жазған дүниелерімді көтеріп, босқындармен бірге Ақордадан қашып, әрең құтылып, «Есі бар елін табар» деп, туған мекеніме тарттым. Аптыққан Темір көріңде өкіргір!.. Ел кезу қайта салтым болды. Жазғаным соңғылыққа сарқын болмақ», – дейді. 1473 жылдан соң тарихи деректерде Жәнібек хан туралы мәлімет кездеспейді.

Содан 85 жыл алсақ, демек Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы 1388 ж туған. Шежіре бойынша Албан, Суан мен Дулат, Бәйдібекұлы Жарықшақтың ұлдары екенін ұмытпайық. Ендеше Албан шежіресін қаралық; оның екі нұсқасы бар: 1) Албан тайпасы Сары, Шыбыл деген екі тармақтан тұрады. Шыбылдан - Қызылбөрік (Бөтей), Қонырбөрік (Өтей), Бойдақ. Қоңырбөріктен - Қалқаман, Жарман. Бұл нұсқа бойынша Жарман (2* аталған кітапта Зарман) - Албанның шөбересі екен. 2) Албаннан - Сары, Шыбыл болып таралады. Шыбылдан - Қызылбөрік (Молболды), Қоңырбөрік (Жолболды) туған. Қоңырбөріктен Бөтей батыр. Одан Өтей батыр. Өтейден- Қалқаман, Жарман, Боти (Бода), Тілеуқабыл таралады... Жарманнан - Біте, Майлы, Тама, Базар, Алаша, делінеді... Тілеуқабылдан - Бойдақ (Өтейбойдақ), Топай таралған. Бұл нұсқа бойынша Жарман Албанның неменесі екен.

Иә, жоғарыда аталған кітап авторының ұрпақтары кітапты бірнеше рет көшіргенде мүмкін алғашқы бетінде өз шежіресін қосқан да шығар, авторды Жарманның өзі дейік. Сонда автордың туған жылын (1388ж) негізге алып, әрбір буынның (атаның) арасын орта есеппен 20 жыл алсақ - Албан 1268-1308 ж арасында дүниеге келді. Демек Албанның інісі Дулат та сол жылдар шамасында өмірге келді.

P.S. Осы орайда тағы айта кететін бір жайт бар. Бұл мәселеде тым ерте заманға кетіп қалуға жол бермейтін нәрсе бар; аңыз бойынша Дулаттың жетінші атасы (Дулат-Жарықшақ"Тілеуберді"-Бәйдібек-Қараш би-Абақ"Ақсақал"-Үйсіл-Бақтияр-Майқы би) Үйсін Майқы би Шыңғысханды ұлы хан көтерген он екі бидің бірі еді. Тарихтан білетінім ол 1206 жыл. Әрине Майқы би осындай айтулы шараға қатысса, жас бала емес байсалды қария шағында болу керек. Майқы би ол кезде 50-60 жасында болса, шамамен 1150 ж туған. Дулаттың жоғарыда аталған жеті ата арасын 20 жылдан алсақ ---- 1150+140 = 1290 жыл Дулаттын туған жылы болып шыгады.

Осыған қосымша, Бекасыл Биболатұлының (Дулат-Жаныс-Жанту-Жайылмыс-Қожамберді-Құдайберді-Түгелбай-Мырзакелді-Сарыбатыр-Биболат)(1822-1915) шәкірті - халық ақыны Қазанғап Байболұлы өзінің «Төле бидің тарихы» атты дастанында былай жырлайды: "Дулаттың төртеу баласы, Әмір Темір тұсында, Өткен екен жобасы..." Ары қарай интернетте Қазанғап Байболұлының шығармашылығын зерттеп (бір дастанның өзінде қанша тарихи тұлғалардың есімдері кездескенін) Әмір Темірдің жасаған жылдарын тауып қарасаңыз болады.

Дулат бабаның 1200 жылдарда (яғни XIII гасырда) өмір сүргендігінің үшінші дәлелін "Жаныс ұрпағының Сібір хандығы (Көшім хан) үшін шайқастарға түскені туралы" мақалада оқи аласыңыз.

FaLang translation system by Faboba