Серік Қонақбаевтың бабасы, Жаныс жұртының 1846 ж Ленгірдің Қасқасуынан Билікөлдің маңына қоныс аударуға себепші болған, Билікөлдің Қаратауында қақпанға түскен жолбарысты найзамен алған, Байзақ датқаны өлімнен құтқаруға тырысқан Жаныс Шымырбай батыр (датқа
Сайтымызда Асанұлы Шымырбай батыр жайлы 2 мақала жазғым келіп тұр. Біріншісі бұл тарихи тұлғанын өмірі туралы болмақ және де Шымыр-Құттық ұрпағы - Әмірхан Мырзаев ағамыздың баянаты негізінде жазылды. Ал, кеттік.
1.
Шымырбай датқа
Үнемі қару ұстап, қорғап жерін,
Елі үшін жан алысып, төккен терін.
Кейінгі ұрпақтары біле ме екен,
Дүниеден Шымырбайдай дана өткенін.
Шымырбай өзі батыр, әрі датқа,
Күрескен қарындасты бермей жатқа.
Озбырлыққа шыдамай қарсы шыққан,
Имансыз жалақтаған өңкей сартқа.
( Балта ақын )
2.
Парыз
Біз соғыстан кейін дүниеге келген балалар ес білгелі Шымырбай сайы, Шымырбай датқа, батыр, би, ел қамқоры, Шымырбай көтерген көк тас, Шымырбай жолбарыс ұстаған сай, Шымырбай қорасы, Шымырбай қаздырған арық, Шымырбайдың ерлігі туралы әке-аталарымыздың,ақындардың арнау-жырларын естіп өстік.Ол кезде теледидар, интернет дегендер жоқ. Біраз ойнап болған соң, жайылымнан мал келер тұста қырда отырған қариялардың әңгімесіне құлақ түреміз. Ас-жиын той-томалақтарда да үлкендердің әңгімесі небір батырлар, билер, қазақ хандары туралы болып келеді.Үйге салихалы,көргені мол, айтар сөзінің тағылымы бар қонақтар келгенде біз қатарлы балаларды босағаға отырғызып қойып тыңдататын. Сондай ділмар, тіспен түйгенді тілмен шешетін, шешен сөйлейтін сөз қоры мол майда қоңыр дауысты кісілер баланың бойына ұлттық рухтың тәрбиелік дәнін сепкен екен ғой. «Ұл-қызыңды ізгілікке тәрбиелеген болсаң, ержеткенде олардан игілікті әрекет күтуіңе болады» дейді біздің қазақ.Сол үлкендердің берген тәрбиесі арқылы елін сүйген, ұлт намысын жақтаған дара тұлғаларға назар аударуға, оларды силап-кәдірлеуге бейімделесің.Қолымда ақын-жазушылардың тарихи деректері, Шымырбай бабамызды көрген адамдардың тікелей өз аузынан естіген қариялар деректері болғандықтан қолға қалам ұстап, тәуекелге бел будым. Сабақты ине сәтімен деп 2012 жылдың маусым айынан бастадым. Әрине мұндай еңбекке кірісу үшін бар білгеніңді жаңғыртып, жаңадан қаншама әдебиет, архив (мұрағат) ақтарып, дайындық кезеңін өткізу керек. Бабамыз жүрген жерлерді өз көзіммен көріп,қолыммен ұстап, фотоға түсіру үшін де екі-үш ай уақыт кетті. Автомобиль, атқа мініп, жаяу-жалпылап тау-тасты түгел аралап шығуға тура келді.Зердеге түйген мағұлмат, жазба деректер, көңілде тұнған тұжырымдарды негізге алып, ұрпақ парызын өтемекке жазуға кірістім.Алла, жар болсын ! Шымырбай баба аруағы қолдай көр !
3.
Шымырбай датқа күндегі дағдысынша бүгін де ерте тұрды. Құла таң да бозарып күн мен түн шекарасына жақындап келеді. Нар тұлғалы батыр түйежүн шекпенін желбегей жамылып, үй артындағы қырға көтерілді. Қаратаудың ең биік тұсындағы бұл шатқал кең, суы мол, іші тола жеміс-жидек, шаруашылыққа қолайлы. Пайғамбар жасынан анағұрлым асқанына қарамай батырдың жүрісі ширақ, кеудесін тік ұстайды. Біраз жүрген соң шығысқа қарап, үлкен қойтастың үстіне жайғасты. Шығыс көкжиектен алтын садақ игендей күн нұры шашырап әлемге тағы бір тіршілік нышанынан хабар бергендей. Теріскей шығысынды Жетім шоқы, одан әрі Шолақтау, түскей шығысында үлкен Бурыл қол созым жерде тұрғандай. Дәл тау етегінде ұйықтап жатқан арудай сұлу Билікөл көлбей жатыр. Шіркін бұндай да сұлулық болады екен-ау. Табиғаттың құдіретін –ай. Үкілі бөркі басында теріскейден түстікке қарай аяғын созып жатқан ару ма дейсің. Амантүбектің тұсында көл жіңішкеріп адамның мойнынан аумайды. Көлдің тауға қараған тұсы көкорай шалғын балауса құрақ, бидайық, қара өлең самал желмен еркелей тербеліп, екінші бір жасыл көл құрап тұрған сияқты. Сонау оңтүстік жағынан Тұтты сай, Саясу, Жығалы, Жұрынсай, Көкім сай, Белбұлақ, Бірікқара,Құлдың сайы, Тік асу, Жыланды, Құртты бастау, Көк бастау Шымырбайдың өзі отырған сай және солтүстікке қарай Кепелі, Байғазы, Қараой сазы, Есіркеп, Амансай, Елікті, Бүкір, Арбатас,Ақжарлы,Күсеген сай иіле мың сан бұлақтарымен ару Билікөлді қоректендіріп отыр. Талай аң аулап, армансыз аралаған өңірлер. Өзі отырған осы сай кейін Шымырбай сайы аталып ғасырлар бойы кейінгі ұрпақтың аузында жүретінін сезді ме екен жарықтық.Осы мезет Билікөл үстінде мақта бұлттар үйіріле қалыпты. Табиғаттың сұлулығына еліткен батырға , аспандағы мақта бұлттар ару Билікөлдің көрпесі, ал Қаратау анасы сияқты болып көрінді. Бір сәт сезімге бой алдырған Шымырбай датқадан өлең шумақтары төгілді.
Көрпесі ақша бұлттар аялаған,
Жастық қып Қаратауды саялаған.
Жағасы жасыл желек Билікөлге,
Табиғат сұлулықты аямаған.
Жарысып бір- бірімен күміс бұлақ,
Өзіңе нәр береді таудан құлап.
Қаратау Билікөлдің анасы екен,
Үнемі тұратығұн сылап – сипап.
4.
Көктемде құлпырған табиғатқа сүйсініп тұрып өзінің де жас – көктемі көз алдына елестеп тізбектеле қалды. Сонау сайдағы нән көктасты көріп күші бойына симай, ұрынарға қара таппай жүретін кезін ойлап мырс етті. Сайдың күнгей бетіне су шығарып тал-дарақ, егін, егу үшін ауыл жігіттері арық қазып жатқан.Дәл арық жүретін жерде ұзындығы екі-үш қадам, ені екі қадам, биіктігі адамның қара санынан келетін үлкен көктас жатыр екен. Жігіттер ары жабылып, бері жабылып, тасты орнынан қозғалта алмай жатыр. Сонадайдан көріп келе жатқан Шымырбай аттан түсе қалып «мына тасты жалғыз өзім көтеріп аулаққа шығарсам, бәске не бересіңдер ?» - дедіЕгер осыны көтерсең қой сойып сені сыйлаймыз.Онда бопты, сөздеріңде тұрасыңдар ғой ? – деген Шымырбай етек – жеңін түрініп жіберіп, тастың жанына барып ұстайтын жерін бажайлап алды. Жатқан дәу көк тасты бір шетінен «әуп» деп көтеріп алды да, екі-үш қадам жылжытып қойды. Келесі жолы екінші жағын жылжытты. Сөйтіп алты-жеті қадам жерге шығарып тастады.Шымырбай сен жеңдің - деп шуласып жатыр Данайдан тарайтын жігіттер. Аман болсаң Жаныс Данайдың атын шығаратын сен боларсың. Құттығай атамыздың Ниязбайы құдыққа түсіп кеткен өгізді жалғыз өзі шығарады деуші еді,сен одан да озып кеттің Шымырбай ! – деп қауқылдасып жатыр. О, заман – ай ! Ол да бір дәурен екен ғой.Төменде жатқан ауыл ояна бастапты. Арғы бетте Кәрі қораға қарай шашырап өрлеп бара жатқан отар қой. Сайды бойлап тізіліп сиырлар барады. Мініс аттары мен сауын биелер болмаса жылқы малы жотада жайылымда. Шөбі шүйгін, суы салқын береке ғой бұл Қаратау.Шымырбай датқа шығысқа қарай көз жетер жердің бәрін шолып тұр. Манағы садақша иілген шығыс жақ шоқтай қызарып мені күтіп алыңдар дегендей, сәулесін шашырата күн де көрінді.
5.
Жаңа ғана көгілдір тартып бейғам жатқан Билікөл жаңа бір түрге еніпті.Бір сиқырлы сәуле шашырап Билікөлдің беті найзалы жарық шұғылаға толып кеткен. Ортасында қызыл, оның шетін ала қызғылт, қызғылт-сары, сары түстер шеңбер құрап жайылып бара жатыр. Шылбыр бойы көтерілген күн шұғыласымен қызғылт-сары сағым ойнап шыға келді. Кереметін – ай, бұндай жерді қалай қиясың. Датқа өзінің жүріп өткен соқпақты, тар жол тайғақ кешкен өмір керуеніне ой жүгіртті. Шіркін, ой деген ұшқыр ғой, лезде төменде сарқырап жатқан тау суындай көз алдында бірінен соң бірі тізіліп өте шықты. Ат құйрығын шарт түйіп, тебінгіні тер шірітіп, тайғақ кешіп таңды атырған қар қарпып, мұзбен шөл қандырған күндер де өтті-ау бастан.Үлкендердің айтуынша екі жүз жылдай Жоңғар қалмақтармен арпалысып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, итжығыс түсіп қазақ талай боздақтарынан айырылды. Өз бабасы Төле бидің тапқырлығы, қазақтың не бір оғлан батырларының ерлігі, Абылайдай ханының саясаткерлігі елді сактап қалды. Бүгінде Жоңғар хандығы жоқ, күйреген, қазақты бағындырам деп жүріп өзі жойылып кетті. Құттығай атасы айтушы еді – «Жоңғарды жеңдік,енді тыныш өмір болады»-деп. Бірақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды жас Шымырбай көре алған жоқ. Есін енді біле бастағанда Қоқанның Әлімханының әлімжеттігін білді. Оны қазақтар «Зәлім» хан деп атаған.Одан бері бұл жігіт боп ат жалын тартып мінгенде құдай атқан Хұдияр ханның құқайын көрді. Қоқанға арқа сүйеген мына алатаудың қырғыздары сонау шығыстағы Хан тәңірінің етегінен, Іленің сол жағалауы, Қордай,Шу, Таластың орта ағысы тіпті өзі тұрған Қаратаудың түстік жағын да иеленіп, қоныстанып алған жоқ па. Имансыз Қоқан хандары мен айырқалпақты қырғыздардың бассыздығына қарсы қаншама жорық жасады. Кенесары хан бастаған Қоқанға қарсы соғыс қырғызбен соғысқа ұласып, дулат жігіттерінің сол соғыста қырғынға ұшырауы. Кенесары, Наурызбайдың опат болуы. Шұбыртпалы Ағыбайға күйеу бала болғаны.Ағыбайдың қарындасынан тараған ұрпағым бар ма екен? Одан сары сақалды шегір көз орыстыр келді, зеңбірегін сүйретіп. Қоқанның зәлім ханының Дулаттан шыққан ел басшыларын алдап соғып, қырғынға ұшыратқаны. «Шымыр Байзақ датқаны орысқа сатылып кеттің деп зеңбіректің аузына байлап мерт қылғаны. Ойлап отырса бұл Шымырбайдың өмірі аттың жалы, түйенің қомында өтіпті. Қуанышынан күйініші, сүйінішінен азабы қөп өмір екен. Бауырларынан, үзеңгілес жолдастарынан небір ел басқарып қол бастаған достарынан айырылды.
6.
Бұның көретін жарығы бар екен, қаншама қырғын шайқастардан аман қалды. Орыс әскерімен бірге барып ежелгі жау қоқанды алғаны. Орыс опа бермей Кенесарының ұлы Сыздық сұлтанға қосылып шегіркөздерге қарсы соғыс. Жалаң қылышпен ештеңе бітіре алмайды екенсін. Кімнің от қаруы бар сол үстемдік құрады. Амал жоқ сол орыс бодандығын мойындадық. Енді алланың берген қалған өмірін тыныштықпен өткізем бе десем желіккен балаларым мен ауыл жігіттерінің ессіздігінен қалың Шымырдың ішіндегі Бәйімбеттің Құттығынан тарайтын Баян батырдың ұрпақтарымен түс шайысып қалғанымыз дұрыс болмады. Баянның бауыры Құлсарыдан тарағандар шетінен нарқасқа. Құттықтың Елібайынан шыққан Саза батырдың ауыр сөздерін де көтердім. Данайдан тарған он шақты үйді қалдырып басқаларын Қаракемер мен Жетітөбеге көшіргенім оңды болды. Әйтпесе Дулат балалары арасында өкпе-реніш пайда болатын түрі бар. Билікөлдің арғы бетіндегі ағайындарын ет жүрегі елжірей ойына алды. Елдің ынтымағы үшін осылай істедім. Бұл жақында ғана болған жағдай.Ал, жалпы мен не тындырдым ?! Халқыма тобықтай болса да пайдам тиді ме ? Батыр датқа деген атым болды, артымда ерген халқым болды. Мен сол халқыма дұрыс басшылық жасай алдым ба, кетігін түзеп, жетімін сүйеп қамқорлық жасай алдым ба деген сұрақтар түйдектеліп келіп, ал жауабын бер дегендей. Отыра берер ме еді «Датқа» - деп таңғы асқа шақырған бәйбішесінің қимылын байқады. Күн әжептеуір көтеріліп қалыпты. Орнынан тұрып ылдидағы үйіне қарай жүрді.
7.
Қоқанның қылығы
Жоңғар мемлекетіне қарсы екі жүз жылдық Ұлы Отан соғысын жүргізген Қазақ ордасы қайтсем ел мен жерді аман алып қалам деп жүріп түстіктегі мұсылман елдері елеусіз қалып еді. Тарихта жүз жылдық соғыс дегенді білеміз. Ал екі жүз жылдан астам соғыс қазақтың маңдайына жазылған екен.Алла-тағала бұл қазақтың тұқымы жойылып кетпесін деп Абылайдай хан, ел ұйытқысы Төле би,Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би сияқты даналарды өмірге әкепті. Жонғар хандығы жер бетінен біржолата жойылды. Абылай хан батысында аюдай ақырған Ресей, шығысында жеті басты айдаҺар Қытай арасында қайтсем қазақты аман алып қалам деп, небір айла шарғы жасамады дейсіз. Бірде елші жіберіп си-сияпат жолдаса, бір де қару ұстап тойтарыс берді. Осылай шарқ ұрып жүргенде Шығыс Түркістандағы Қашқарлықтардың демеуімен Ферғана жазығындағы өзбектеніп кеткен байырғы қыпшақтар, сарттар, басқа да мұсылманбыз дейтін халықтар 1710 жылы Бұхар хандығынан іргесін бөліп бұрынғы Ескі қорған деген жерге «Қоқан» деп аталатын бекініс қала салды да, кейіннен ХVШ-ғасырдың аяғында сол өңір Қоқан хандығы деп атала бастады. 1740 жылы Иранның Нәдір шахы тарапынан жойқын шабуылға ұшыраған. Бұхар хандығы әлсіреп, шығысында Қоқан, батысында Хиуа хандықтары пайда болды. Бұхар хандығының бір уалаяты болып есептелетін Ферғана жазығындағы бұл ел біртіндеп Марғұлан, Әндіжан, Наманган қалаларын өзіне қаратып, іргелес жатқан Қазақ жеріне қол салды.
8.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алды» дегендей Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы Ташкент, Дарбаза, Ходжент және көне қала Сайрамды өзіне қаратып,қырғыздың Қарақол, Нарын, Бішкек кенттеріне бекініс қамалдар салып алды.Қоқандықтар уақыт өте келе жерін кеңейтіп, ХІХ-ғасырдың басында іле өзенінің сол жағалауынан бастап қазіргі Алматы облысының жартысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан жері тұтас, Қызылорда облысының Ақмешітке (Қызылорда қаласы) дейінгі аумағын өзіне бағындырып, алым-салық алып тұрды. Қазақ хандығының ордасы болып келген Түркістан қаласы, Созақ, Шымкент, Сайрам, Әулиеата, Меркі бекініс қалалары, тіпті іле өзенінің сол жағалауы Таушубек бекінісін салды (*сайтымызда Ботбай Тойшыбек батыр жайлы мақала бар, аталмыш бекініс бұл тұлғанын ісі).Бұл бекіністерге қазақ руларынан салық жинап, әкімшілік басшылық жасайтын бектерін әкеп отырғызды. Ол бектердің тәртіп орнату үшін жасақталған әскері, аспасшы, атқосшы дейсіз бе толып жатқан өзбектері мен өзбектеніп кеткен басқа да ұлт өкілдері қоса келді.Бүгінде Түркістан, Сайрам, Шымкент, Тараз, Меркі жерінде өзбекпіз дейтіндердің көпшілігі солардың тұқымдары. Жалпы Қоқан хандығының негізін қалаған Шахрук-бек деген. Оның баласы Ерден-бек билігі кезінде Қоқандықтар тіпті есіріп кетті. Әлім хан билігі тұсында (1799-1809) аты көрсетіп тұрғандай Қоқан хандығы деп аталды. Ұлы жүз қазақтары оны қылығына қарай «Зәлім хан» деп атады. 1809-1822 жылдары Омар хан билігі жүрді. Мәделі хан, Шерәлі хан, Сарымсақ хан, Мұрат ханнан соң 1840 жылдардың басынан 1875 жылға дейінгі аралықта Хұдияр хан тақта отырады. «Әндіжанда бір апам бар, бұдан өткен сорақы» -демекші Хұдияр хан тұсында қазақтардан алынатын салықтың түрі де, көлемі де бірнеше есе көбейеді. Осы озбырлығы үшін оны «Құдай атқан» деп атады.Бұрын қазақ ордасына жүз бастан бір бас мал салық беретін болса, Хұдияр хан тұсында он бастан бір бас мал салық алынды. Тіпті әр руға қыз салығын салды. Салықты уақтылы төлей алмаған ауылдар шабылып, мал-мүлкінен айрылды. Ұлдарын құл, қыздарын күң ретінде Ауған, Иран шығарып сатып жіберді. Өзін мұсылман санайтын бұл халықтың бауырлас қазақтарға жасаған қиянаты сорақы болды. Іргелес отырған қазақ – қырғыз арасына от тастап, қозды көсеумен түрткілігендей екі ағайынды өшіктірумен болды. Қоқанға арқа сүйеген қырғыздар баяғы жоңғар соғысында қазақтар тастап кеткен жерлерге қоныстанып, Ұлы жүз қазақтарына қыр көрсете бастады. Хан тәңірінің етегінен бастап Байынқол, Нарынқол, Кетпен таулары, Шалкөде, Қарқара жайлаулары Кегеннен Қордайға дейінгі аралық Шу, Талас аңғарларының біраз жерін иеленді. Ұлы жүз бауырларының қысымшылығын естіген Абылай хан Арқадан он мың сарбазымен келіп, 1765 жылы бір рет екінші қайтара 1770 жылы келіп Қырғыздарды Алатаудан асырып қазіргі шекараны белгілеп, Ақсудың Шуға құяр сағасынды ордасын тігіп солтүстік қырғыз манаптарының қазақ ордасын мойындау туралы антын алып еді. 77 жылдан кейін дәл сол Кекілік сеңгірде немересі Кенесары бастаған қазақ қолы қанды қырғынға ұшырайтынын кім білген.
Қоқаңдаған Қоқанның аптығын басу мақсатында 1766-1768 жылдары Абылай бастаған қазан сарбаздары жауды түре қуып, Ташкент, сыр бойы қалаларын қазаққа қайтарды. 1881 жылы Абылай дүниеден қайтып, қазақ арасында бұлғақ заман басталып, береке-бірлік жоғала бастады.
Қазақ сұлтандарының билік үшін таласы, Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясатының үдеуі Қазан ордасын әлсіретіп, түстіктегі Қоқан, Хиуа хандықтарының Ұлы жүз түгел, кіші жүз қазақтарының бір бөлігін өз бодандықтарына түбегейлі бағындыруға мүмкіншілік туғызды. Қазақ басына аласапыран заман туып, қоқан бодандығында қалып, халық қиналды. Арғымағы толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішіп, ер-азаматы күн жамылып түн қатқан, ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, қайтсем жауға бас ұрмаймын деп теңселді.
9.
Оғлан ұлдың дүниеге келуі
Жаратқан ием кең ғой. Қиын-қыстау заманда халқына ие болатын,қиыннан жол табатын ерлерді өмірге әкеледі. Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір өңірінде, Қарасора, Қасқасу жерінде Дулат тайпасы Жаныс – Жортуыл – Жанту – Қожамберді – Құдайберді – Данай –Құттығай ұлы Асан батырдың үйінде маңдайы кереқарыс ұл дүниеге келеді. Бұл Алланың нұры жауған 1796 жылдың тамыз айы еді. Ел аузында «жер жаннаты» атанған Талас Алатауының батыс сілемдерін құрайтын Жабағылы, Балдыберек, Бұғылы тау, Сайрам шыңы болып жалғаса береді. Сайрам шыңының биіктігі теңіз деңгейінің 4238 метр. Осы өңірдегі таулардан қыздың өрген қос бұрымындай қатарласып, арқырай ағып жатқан Қасқасу мен Сайрамсу өзендері табиғатқа әр беріп, нәр беріп тұрған керемет өзендер.Осы жерде ұлан асыр той жасалынады. Сол әулеттің үлкені, әрі жол бастар биі Данай ақсақалға шөбереңізге ат қойыңыз дейді.Дулаттың ішіндегі Шымыр өніп – өскен ел. Арасынан небір батыр – балуандар шыққан. Шымыр көп пе, шыбын көп пе деп текке айтпайды. Шымыр атасындай ел бастайтын дана, қол бастайтын батыр болсын. Алланың құлағына шалынсын, сенің атың Шымырбай, Шымырбай,Шымырбай деп азан шақырып ат қояды.
Қазақ баланың есімін қойғанда ырымдап қояды ғой. Әрі көпшілігі атына заты сай болып келеді. Көреген Данай атаның сөзі дөп келді.Құттығай ұлы Асан үш жүзге даңқы шыққан үлкен баҺадүр тұлға болмағанымен, батырлық пен ерліктен кенде емес, орта дәулетті болған кісі. Шымырбай есін білер кезден арабша хат танытып, соңыра бір үйір жылқы айдатып, Бұхар медресесінде екі жыл оқуын жалғастырады. Жастайынан зерек бала шығыс әдебиеті классиктерінің еңбегін оқып, дүние танымы кеңейе түседі. Не бір хандар, әмірлер, сұлтандар мен шахтардың өмір тарихы, мемлекет басқарудағы әділеттілігі мен тапқырлығы туралы мағлұматтармен қанығады.
10.
Неге менің халқым Қоқан бодандығында, үлкендер айтып отыратын қаҺарлы қазақ хандығы неге ыдырап кетті деген ойлар жас Шымырбайға маза бермейді. Сөйтіп өзінің ауылына, туған халқына қорған боларлықтай үлкен азамат болуды мұрат тұтты. Шымырбай зерделігімен қоса 13 – 14 жасынан орасан күштілігімен ел көзіне түсті.Той жиындардағы көкпар -тартыстарында өзінен үлкен ауыл жігіттерін тақымындағы серкесімен қоса, алдына өңгеріп әкетіп жүрген Шымырбайға жұрт сүйсіді. Үлкен өгіздерді мүйізінен ұстап бұрай салу, асау жылқыны құйрығынан тартып қан тоқтата салу жас жігітке үйреншікті әдетке айналды. Күшімен қоса әділдігін, сыпайылығын жұрт құрметтеді. Бозбаланың бұндай ерекшелігін таныған ауыл, әулет ақсақалдары кіші – гірім ел арасындағы дауларға билік айтуға жұмсайтын болды. Барған тірлігін қанттай ғып, еш дау – дамайсыз майдан қыл суырғандай орындаған жас жігітпен енді үлкендер санаса бастады. Шымырбайдың ерен күшін байқаған ел ағалары үлкен той жиындарда болатын сайысқа салып бағын сынады. Қарсылас шақ келтірмеді. Не бір сайыскерлерді ат-патымен омақаптырды. Оның даңқы Данай әулетінен шығып бүкіл Жанысқа одан асып көп Дулатқа жайылды. Енді ен Дулаттың атынан сайысқа шығып, бүкіл ұлы жүзге батырлығы тарады.Қалың Дулаттың ішінен шыққан Шымырбай баҺадүр қоқан бектері мен хандарына мәлім болды. БаҺадүр дейтіндей ақ бар. Бойы 240 – 250см көлемінде. Өйткені ол кісіні көргендердің айтуы бойынша беліне байлаған арқар кәдімгі кісінің беліндегі қояндай ғана көрінеді екен. Архардың екі-үшеуін бір-ақ арқалап алатын болған. Қаратаудың Билікөлге қараған тұсындағы Шымырбай сайының оң жағында дәу көк тас жатыр. Арнайы барып көріп, суретке түсіріп алдым. Тастың ұзындығы 260см, ені 166см, қалыңдығы 68 см. Тастың үстінде үш-төрт ересек адам малдас құрып отыра береді.Бізге тасты көрсеткен 78 жастағы Жапархан ағамыздың айтуы бойынша – «менің бала кезімде Тапы атам (1864 жылы туылған) Дуана атам (1876 жылы туылған) Таубай атамдар мына тас Шымырбай датқа көтерген тас деп, үстінде тоғызқұмалақ ойнап отыратын. Ол кісінің Тапы атасы (менің де атам) талай рет Шымырбай батырдың қолына су құйып, атын байлаған. Өйткені Тапының әкесі Беделбек Шымырбаймен силас кісі болған, әрі бір сайдың ішінде ауылдас отырған. «Шымырбай атам талай арқардың асығын берген. Ауыл балалары арасында арқардың асығынан сақаңның болғаны үлкен мақтаныш» - деп айтып отырушы еді жарықтық.
11.
Бұлғақ заман
Шымырбай Асанұлы 17 – 18 жасында бүкіл аймаққа танымал батыр атанады.
Он жетімде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп құдай тілекке.
- деп Ақтамберді жырау толғағандай Шымырбай да 17 жасынан бастап елі үшін атқа мініп тарихи оқиғаларға араласа бастайды. Жасы жиырма беске толғанда бүкіл оңтүстік өңірді қамтыған 1821 жылғы Тентек төре (Рүстем) бастаған Қоқан хандығына қарсы күресте қазақ мыңдығын басқарды. Ел азаттығын жеңіп аламыз ба деген үміт еді. Үміт ақталмады. Қоқан бектері сұлтандар мен елге силы шонжарлар арасында жансыздарын жіберіп, си-сияпатын жасап, көтерісшілер арасында іріткі салды. Қайсібірі шұрайлы жерлерді иеленіп, енді бірі шен-шекпен алып көпшілік халықты тастап кетті.Тіпті көтерілісті басқарушы Тентек төренің өзі бұрынғы райынан қайтып, «алатын жерімізді алдық, қоқан бектері оң көзбен қарайтыны туралы уәдесін беріп отыр, ендігі жерде халықты шулатып неғыламыз» деген сыңай танытты. Тентек төреге ілесемін деп Шымырбайдың алғаш опық жеген кезі еді.
12.
Көтеріліс сәтсіз аяқталғанымен Шымырбайдың атағы шарықтап, ел арасында абыройы асқақтады. Қоқан бектері де жас батырды ішке тартқансып, датқалар мен батыр-бағландарға қосып той-жиын, қонақасыға Шымырбайды шақыртатын болды. Алғашында бектерден зәрәзап болған ол барғысы келмегенмен «әй, осы сарттардың не ойлағаны бар екен , мұсылмандық жолмен халыққа ілтипаты жақсарар ма деген үмітпен қатысып жүрді» Сол баяғы жұғымсыз алдарқату, қазақ қамын ойлағансып бірлікке шақырып, қоқанның айтқанына көну. Қоқан жолы жұмаққа бағыттайтын, дінислам жолы деген сусыма сөздер. Сөзі мен ісі қабыспайтын жалған әрекет. Шымырбайдың түсінгені ел ағаларының көңілін аулап қара халықты қанай беру. Айтатыны солтүстіктен кәпірлер келе жатыр.Орта жүз бен кіші жүз қазақтарын бағындырды. Ендігі жерде іргелес жатқан Ұлы жүз бен Сыр бойы қазақтары қоқандық мұсылман балаларынан іргесін бөлектемей бірлікте болу керек. Орыстардың қоқанға тісі батпайды. Қалған казақты қорғайтын, кәпірлерден аман алып қалатын біз деген сияқты кеудемсоқ жел сөз. Осылай деп келіп қазақ батыр билеріне қыр көрсетіп қоюды да ұмытпайды. Қоқанға барған қазақтардың жүрегі шайлықсын дей ме Иран, Ауғаннан сатып алған зеңбіректері мен алыстан тиетін мылтықтарын, қару жарақ соғатын ұстаханаларын, тіпті тұрақты әскерлерінің соғыс өнерін арнайы көрсетеді.
Байқаңдар, біздің қолымызда күш бар дегендей. Қазақты үнемі үрей мен қорқынышта ұстауға, сөйтіп өзінің алдында құрдай жорғалатып қоюға бағытталған саясат. Бұл сарттардың қулығына құрық бойламайды.
Ия, күш тең емес. Қоқанның қаруы басым.«Не істеу керек, Қоқаннан қалай құтыламыз ?» - деген тұңғиық сұрақтар Шымырбайға маза бермеді. «Ақтабан шұбырындыға» тап болып, Жоңғардың қырғынына ұшырағанымыз кеше ғана, «Елім-айлап» жылаған халықтың көзі құрғамай жатып, енді міне Қоқан ұлыңды құл, қызыңды күң етіп отырғаны. Бұл қазақтың басынан қара бұлт кетпей-ақ қойды-ау. Ел бастайтын төрелерімізідің сиқы анау, алдына сүйек тастасаң құйрығын бұлғаңдатып шыға келеді. Арыстандай ақырған кешегі Абылай хан мен қиыннан жол табатын Төле би атамның жоқтығын пайдаланғанын көрмейсің бе, мына антұрған сарттардың. Ойы он саққа жүгіріп, тәуелсіздік тетігін іздеумен уақыт өтіп жатты. Ел арасында бітпейтін дау-дамай, ағайындарға жайылым жерлерін белгілеп беру сияқты таусылмайтын тірліктер.
13.
Шымырбайдың датқа атануы
1844 жылы жазда бесін кезінде Қасқасудың бойында отырған Шымырбай аулына Ташкенттің бегі Әлімқұл жанында төрт-бес атқосшысы бар аттан түсіп жатты. Сәлем-сауқаттан кейін Әлімқұл молда: Батыр сүйіншіңізді дайындай беріңіз, сізге қуанышты хабар әкелдім !
«Сүйіншіңіз дайын, ылайым жақсылық болғай» - деді Шымырбай сабырмен.
Осы биыл сүмбіле туысымен Ұлы мәртебелі Хұдияр хан баласын сүндетке отырғызып, ұлан – асыр той жасамақшы. Ниеті қабыл болсын. Сол тойға сізді де шақырып отыр. Әрине сіз үшін мәртебелі жаңалық бұдан да зор. Біздің рахымы мол, бүкіл мұсылман қауымының қамқоршысы Хұдияр хан сізге «Датқа» лауазымын бермекші. Енді бүкіл Жаныс руына билігіңіз жүреді.
Хұдияр ханға да, жақсы жаңалық әкелген сізге де көп рахмет, бек ! Алла разы болсын !
Ертеңіне хабаршылар аттанып кеткен соң «Бұл қоқанның қу түлкісінің не ойлағаны бар? Қолтығына тартып, менің қолыммен от көсемекші ме, әйтеуір бір қулығы ішінде жатыр Хұдиярдың. Осыдан бірер жыл бұрын Дулат балалары шымыр Байзақ Мәмбетұлы, сиқым Батырбек Рысбекұлы, ошақты Сапақ Байшуақұлы датқа атанып еді. Мына іргеде отырған Батырбек датқа сиқым руына салынған қоқанның салығын азайтып төлеуге кол жеткізді. Әрі қыз салығын да бермейді екен. Ауыл ақсақалдары Датқа лауазымын пайдаланып ел-жұртқа пайдаң тиер, қоқанның қоқандағанына араша түсерсің. Тәуекел, бұнысын да байқап көрейік деген тұжырымға тоқтады»
«Датқа» - Қоқан және Бұқар хандық жүйесінде қалыптасқан лауазым. Датқа – парсы сөзі. Дад – ХаҺ, «тілек», «әділдік» мағынасын білдіреді.Қоқан хандығында датқа дәрежесін иеленгендер ру,тайпаға басшылық жасайды. Әкімшілік қызметпен қатар, рудың әскербасы да болады. Жалпы саяси-әкімшілік, әскери жұмыстарды қоса атқарған. Орыс зерттеушілері датқа дәрежесіндегі адамдарды генерал, әкімшілік тұрғыда да аймақ басшысы лауазымына тең санаған. Датқалар хан қазынасынан белгілі мөлшерде ақшалай жалақы және 700 батпан астық алып отырған. Батпан мөлшері Бұхарда 7 пұт, 32 фунтқа, Талас өңірінде 12 пұтқа тең. А.Махаеваның еңбегінде Шымырбай датқаның да аты-жөні датқалар тізімінде көрсетілген. 1804-1876 жылдар аралығында Қоқан хандығында датқа атағын алғандар саны жүзге таяу. Датқалар ислам дінін насихаттап,мектеп-медреселер аштырған. Егіншілікпен шұғылдануға жағдай жасап, арық-тоған қаздырған».
Шымырбай батыр, «датқа» лауазымын иеленді. Қоқан ханы салтанатты түрде балдағы қымбат тастармен безендірілген қылышты беліне тағып, қолына күмістен құйылып араб ғарпібен шағатай тілінде жазылған мөр ұстатты. Әрине,көпті көрген әккі хан Шымырбайдың адал қызметіне күмән келтірмейтінін айтып өтті.
14.
Қарсылық
Шымырбай бір жылдан соң жаныс руының беделді азаматтарын шақырып, көптен бері мазалап жүрген ойын ортаға салды.
«Құрметті бауырлар ! Қоқандықтар датқа лауазымын беріп мені алдарқатып отыр. Қу бастан қуырдақ ет алып, жұмыртқадан жүн қырқатын сарттардың не ойлағанын кім білсін. Мына Шымкент пен Ташкент бектерінің тыңшылары итше тіміскіленіп жүр. Аузыңнан шыққан сөз бен шалт қимылыңды қожаларына жеткізіп тұрады. Мал-жан өсіп қонысымыз да тарлық қып тұр. Былтыр Әулиеата, Қаратау өңіріне барғанда шұрайлы жер көріп келдім. Қаратаудың Билікөлге қараған шығыс жақ тұсындағы сай-салалар бос жатыр.
Шымырдың Құттық атасынан тарайтын ағайындардың жері екен. Олар екі-үш жыл болыпты Шу бойын жайлап отыр. Дулаттан тарайтын ағайынбыз ғой келісе жатармыз. Оның үстіне шымыр Байзақ батыр «Аумалы – төкпелі заман боп тұр, әлдеқандай күн болар Әулиеата өңіріне жақындасаң қайтеді. Төменгі Таласта Ошақты Сапақ датқа, Қаратаудың теріскейінде ысты Шоқай датқа бар. Күншығыста шапырашты, албан, суан, жалпы Бәйдібек балалары жинақыланып отырсақ. Солтүстіктен, Батыстан зеңбірегін сүйретіп, жерімізді шетінен алып, бекіністерін орнатып, құрсауын тарылтып орыстар келеді.Сүйік сұлтан Абылайханұлы бастаған Жалайыр туыстарымыз тұтас орыс бодандығына өтті. Ресей басқыншыларына қарсы Кенесары хан бастаған орта жүз бен кіші жүз ағайындар жеті-сегіз жыл бойы соғысып жатыр. Соңғы деректерге қарағанда қазақ ханының беталысы Ұлы жүз жері екен. Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың басын қосып қоқанға соққы бермек. Осындай алмағайып заманда іргеміз бірге болса деймін» - деп сәлем жолдапты.
«Бұған не дейсіздер ағайын ? !»-деп Шымырбай сөзін аяқтады.Ақылға қонымды бұл ұсынысты Данайдан тараған үлкен-кіші мақұл көрді.Іргедегі қоқан ханынан алшақтау, әрі Бәйдібек балалары тығыз отырған Қаратауға көшуді дұрыс деп шешті.
15.
1846 жылы сүмбіле туа Ленгір баурайындағы Қасқасудан шыққан көш үшінші күні Көсегенің көк жонына қоналқыға тоқтады. Ертесіне Жолбарысты Сай (кейіннен Шымырбай сайы атанады) асуымен төмендегі пайғамбар бастауында ат шалдырып ылдиға түсті. Шымырбай датқа оншақты үй мен осы сайда қалатын болды.Оң жақтағы Көкбастау, Құртты бастау,Жыланды, Тік асу, Берікқара сол қанатындағы Амансай, Айырсай, Елікті,Тұтты сайларға басқа ағайындарын қоныстандырды. Өзімен бірге қалған туыстарын Шымырбай сайының ішіне сұғындыра отырғызады. Шымырбай шатқалы тереңдеген сайын екі қапталынан бастауы бар көптеген қосымша сайлар басталады.
Кәрі қора, Кәтіреңкі қора, Алмағашты қора деп кете береді. Қайсібір сайлар қоныстанған адамның атымен аталды. Данай – Әтік – Әлқан – Байқоныс – Бердібай – Шыныбек батыр болған. Данай – Құттымбет,Мұрты – Құдайменді – Шолаққылыш – Тлеубай құсбегі, әулие кісі болған. Тілеубай, Шыныбек қорасы деп бүгінге дейін халықтың есінде қалған. Бұл кісілер батырлығымен, ақылдылығымен елге силы болғандар. Шатқалдың іші тола жеміс-жидек. Алма,алмұрт,өрік,долана,тұт, кәтіреңкі, бүлдірген, сарымсақ, жуа тұнып тұр. Отын мол, тоғайдың іші малға ық. Тау беткейінде жемге бергісіз сасыр самсып тұр. Сайдың күнгей бетінен жертөле қазып, қыстың қамына кірісуді тапсырған Шымырбай Билікөлдің жағалауын аралап қайтты. Сазды жерінде қараөлең, қыраттауында бидайық бітіп өскен шұрайлы көл жағасында атты кісінің бойы көрінбейтін нар қамыстар.Қыста малға жайлы.Қамысын тамның төбесін жабуға әрі төсеніш жасауға болады екен. Жігіттерді ұйымдастырып нарқамыстарды баулап, түйеге артып, тауға жеткізіп алды. Сол жылы қыс жайлы болып Данай ұрпақтары соғымын сойып, бозасын ішіп, әрі жуық маңдағы Бәйдібек балалары ерулік беріп, мәре-сәре.
16.
Хан Кене жорығы
Бұл тыныштық ұзаққа созылмады. 1847 жылдың ерте көктемінде Кенесары ханның бас батыры Шұбыртпалы Ағыбай ханның Қоқанға қарсы күш жинап жатқандығы,соған жаныс жігіттерін шақыра келгендігін жеткізді. Екінші бір жаңалық, Ағыбай батыр туған қарындасын Шымырбай датқаға қосты. Былтыр боз қырау түсе Ағыбай жігіттері шатасып Шымырбай ауылының жылқысын айдап кетпекші болғанда араға түскен. Қарусыз Шымырбайдың иығын найзамен шаншып жаралап кеткен болатын. Сол айыбының өтеуі әрі мына алмағайып заманда ағайынның арасындағы өкпе – ренішті жуып шайғаны еді.
Атаңды Нысанбай жыраудың «Ақжолтай – Ағыбай » атты жырында :
Атақты ер Ағыбай Шұбыртпалы,
Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.
Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұқарбай,
Бұларды соңына ерткен Кене ханы.
Мал үшін олар ерлік қылған емес,
Салғаны жанды ортаға елдің қамы
- деген жыр жолдарынан ел тағдыры үшін атқа мінген ерен ерлердің ұлт болашағы жолындағы ұлы мұраты үшін Ағыбайдай ерлердің орны бөлек. Екі батыр төс қағысып достасты. Нағыз ерлер ғана осылай істемек.
Асып туған ер бар ма Шымырбайдан,
Бесті өгізді шығарған шыңыраудан.
Мыңға қарсы шабатын баһадүр деп,
Атамаған ел-жұрты оны жайдан
( Дәулетәлі Тәжіұлы )
17.
Профессор Жанұзақ Қасымбаевтың «Последний поход хана Кенесары и его гибель» деген моногрфиясында Досқожа ақынның Кенесары Ресей отаршылдарының қысымынан Сарыарқадан Ұлы жүз жеріне бағыт алғанда айтқан қоштасуы :
Қоныстан аумақ болсаңыз,
Жіберіңіз тез хабар.
Жоғары Дулат өр ауыл,
Саза, Саурық ерлер мен
Байзақ батыр Бегенге,
Шымырбайдай беренге.
Бекіредей басын тасқа сабаған
Арнаға түскен аюдай
Қайғымен іші жараған
Байзақ неге тоқтасын
Сіз көшемін дегенде ? !
- деген өлеңінен Шымырбай датқаның Сарыарқадағы ағайындарға да белгілі батыр болғанын білеміз.
18.
Билікөл өңірінен шыққан атақты Балта ақын Шымырбай, Саза батырмен бірге болып, Кенесары қаза болатын соғысты жырлап, Кенесарының Ұлы жүздің батыр, билеріне арналған жолдауын төмендегі жыр жолдарымен келтірген :
Ұлы жүз Үйсін ағайын,
Баласы едің ағаның.
Жөнге салар Қоқанды,
Табайық бір амалын.
Іргеңде тұрған Қоқан бар,
Қамшы ұйіріп қоқаңдар.
Қыз-келіншек қор болып,
Құлдықта кеткен балаң бар.
Жаныңда бітеу жара бар,
Бас қосатын келді кез.
Ту астына жиналар,
Сәлем айт батыр Байзаққа.
Саза, Қатпа, Айтаққа,
Сұраншы батыр, Саурыққа.
Сыпатай, датқа Сапаққа,
Бөлтірік шешен, Медеуге.
Белқожа мен Бегенге,
Шымырбай датқа еренге.
Албан, Суан ұрпағы
Асығар бізге келуге.
Күтемін мен сіздерді,
Шу бойы не Іледен.
Жүзеге ассын ісіміз,
Бір алладан тілеген.
Бұл жыр жолдарынан Ұлы жүздің ішінде Шымырбай датқаның беделді екендігі көрініп тұр.Басында Қоқанға қарсы соғыс ашып,тәуелсіздігімізді қайтарамыз деген ұғым басқа бағыт алып кетті. Қырғыздың Орман, Жантай деген манаптары қазақ қолымен бірігуден бас тартып, жағдайды ушықтырып жіберді. Кенесары ханның жіберген елшілерін Жантай манап тұтқындап, ханның атына небір оғаш сөздер айтты. Бұнысымен тұрмай, Кенесарының қырдағы жылқыларын барымталап алды. Соның ішінде Наурызбай батырдың атақты Қызылауыз сәйгүлігі де кетті.
19.
Шайқас
Бұл әрекетке ызыланған қазақ батырлары іргелес отырған қырғыз ауылдарын шапты. Құланның қасуына, мылтықтың басуы деп қырғыз манаптары түстіктегі ағайындарына ат шаптырып қол жинай бастады. Қоқан ханы қырғыздардың шабын түртіп, қазақтарға айдап салды. Осылайша іс насырға шауып, Кенесары хан қырғызға соғыс ашуға мәжбүр болды. Ұлы жүзден ру басшылары және жоғарыда аталған батыр, датқа, билермен қоса Шымырбай датқа да Кенесары ханның шешімін мақұлдады. Қарсы келмей тауға өрлеп шегінген қырғыз манаптары Шудың сол жағында Тоқмақ маңындағы Кекіліксеңгір деген жерде қазақ сарбаздарын қоршауға алады. Сусыз, тамақсыз қалған Кенесары бастаған қазақ әскері жеңіліс табады. Бұл қайғылы оқиға туралы көп айтылып, көп жазылды. Сондықтан соғыс барысы мен қырғынға ұшырығын сұлтандар, оққа ұшқан қазақ батырлары туралы көп тоқталмаймын. Қоршауды бұзып жарып өткен санаулы батырлардың ішінде Шұбыртпалы Ағыбай, жаныс Шымырбай датқа, шымыр Саза батыр, Балта ақын бар еді. Бұл соғыста Дулат ішінде Жаныс пен Шымыр жігіттері арасында шығын көп болды. Жараланғаны, тұтқынға түскендері де бар.
Балта ақынның :
Дулаттан шыққан Шымырбай,
Соғады дауыл құйындай.
Мыңға жалғыз шабатын,
Айылы еш жиылмай !
– деген жыры осы Кекіліксеңгір қырғынына байланысты айтылған. Қазақтың басын қосып ел қылады деген соңғы ханы Кенесары да жау қолынан қаза тапты. Қазақта ондай қазаны шейіт дейді. Байзақ ағасы жараланып жау қолына түскенімен кейіннен ел-жұрт болып босатып алды.Байзақтың аман қалғаны ол да медеу. «Енді не істемек керек, Қазаққа кім бас болады,Қоқанның бодандығынан құтылатын қандай жол бар ?!» деген шытырман оймен арпалысып Қаратау баурайына да жетті.
20.
Батырдың Арқадағы ұрпақтары
Батырдың жауға аттанғанын жұбаныш, аман оралғаны қуаныш дегендей Шымырбайды аман көргеніне ағайындары қуанысып-ақ жатыр. Шымырбай үшін түсініксіз бір жәйт Ағыбайдың қарындасын Шұбыртпалының жігіттері алып кетіпті. Жас тоқалының аяғы ауыр еді. Кейіннен естуі бойынша Арқаға барып ұл босаныпты. Мына аласыпыран заманда іздеп баруға уақыты да болмады. Ыңғайы келгенде кейінірек барып әкелермін деп қойды. Ел басына күн туған уақытта жеке басының тірлігін кейінге қалдырды.
Осы жерде шегініс жасасақ : Кеңес Үкіметі кезінде 1960 жылдары Жамбыл облысының малдары Арқада көктемнен күзге дейін болып қайтатын.Жамбыл ауданы Қаракемер совхозының малшылары Атамқұл, Спан ақсақалдар Арқа жерінде арғынның Шұбыртпалы руының арасына тап болады. Жергілікті ағайындар бір-біріне сүйсінгенде немесе таңырқағанда «Шымырбайша шіренуін қарашы» дейді екен.«Ау, ағайындар, қай Шымырбайды айтып тұрсыңдар»- деген сұрағына«Біздің Шымырбай деген батыр бабмыз болған екен,Соны айтып тұрмыз»-дейді. Жоғарыдағы аты аталған кісілер «Әй осы баяғы Шымырбай алған Ағыбайдың қарындасынан туған біздің бауырларымыз емес пе екен» деп елге айтып келеді. Бұл әңгімені Қаракемер ауылында тұратын далалық ауызша тарихнамадан хабары мол Пернебек Тілепбергенұлы ақсақал, Шымырбай бабамыздың шөбересі марқұм Иса Тлекеұлы айтқан еді.
21.
Ресейге бет бұру
Ағылшын үкіметінің жасырын қолдауына сүйенген Қоқан, Хиуа хандықтары ХІХ-ғасырдың бас кезінен бастап Ресей империясының Орталық Азиядағы экспанциясын тоқтатуға тырысты. Батысы Арал теңізі маңы, шығысы Жетісуға дейінгі аралықта қазақ ауылдарына жиі-жиі жорықтар ұйымдастырып, қанды қырғын жасады.
Қазақ тарапынан әртүрлі деңгейдегі қарсылық болғанымен, орталық билік болмауы салдарынан бұл көтерілістер жеңіске жете алмады. Бас көтерулер стихиялы түрде болды. Өз күштерімен Қоқандықтарға шамалары келмейтіндіктен Ресей империясы құрамына өтуге мәжбүр болды.
1818 жылы Сүйік сұлтан Абылайханұлы бастаған 55 мың жалайыр тайпасының халқы, 1820-30 жылдары Жетісудың 50 мың адамы бар Ұлы жүз тайпасының қазақтары орыс әкімшілігін мойындауға тура келді.Осы жылдары Ресей сыртқы істер министрлігі жанынан «Азия комитеті» құрылды. Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Гасфорттың Сырдария және Сібір әскери шептерін ұштастыру туралы ұсынысы Петербургте бекітілді. Сібір жақтан келген отарлаушылар 1854 жылы Верный бекінісін салды. 1855 жылы Ұлы жүз Приставы (полициялық қадағалау күші басым басқару жүйесі) Қапалдан Верныйға ауыстырылды. Орынбор генерал-губернаторы Перевский 1847 жылы Хиуаның Райым бекінісін жаулап алды. 1853жылы Ақмешітті салды. Ол кезде Ақмешіт Перовск деп аталды. Қазақтар үшін басқа жол қалмады. Қоқанмен бірге болсаң да, бөлінсең де бәрібір, Ресей отарлауынан құтылмайтыны кәміл. Қоқандықтар Оңтүстік қазақтарын, Түркістан, Ташкент, Шымкент,Әулиеата аймақтарын Ресейге бермеу үшін бар күшін салып бақты. Сес көрсетіп орысқа бағынғысы келген руларды тып-типыл етіп шапты. Ұл – қызын тұтқындап айдап кетті. Мал – мүлкін тонады. Қоқанның бұл оспадарсыз әрекеті, Ұлы жүз қазақтарының орысқа қарай бейімделуін тездетті.
Қоқанның соңғы жорығына қарсылығы.
Шымырбай датқа да елін аман сақтау мақсатында Байзақ, Батырбек, Құдайберген, Сапақ, Шоқай датқалармен ақылдасып отырды. Шу, Талас, Қаратау өңіріне орыстар келе қоймаған қоқанның үстемдігі басым аймақ. Сондықтан екі ұшты саясат ұстанды. Кенесары әскеріне қосылсын деген Хұдияр ханның қиястығынан да жол тауып кетті. Қырғыздардан жайлым жерлерімізді қайтарып алу және қырғыз тарапынан үздіксіз барымта әрекетіне тиым салу үшін күрестік деген дәлелді алға тартты. Әккі Хұдияр хан сенген сыңай танытқанымен бұл қазақтарды үнемі бақылауда ұстау керек деп түйді. Осындай мақсатпен 1850 жылы күзде Хұдияр хан қасында бір топ нөкерімен Шымырбай ауылына кеп түсті. Он шақты күн қонақ болып, тауға шығып, киік аулады. Қандай әңгіме болмасын айналдырып әкеліп, Қоқанның ағылшындармен байланысы, оның күш қуатын күн санап артып келе жатқандығын тілге тиек етіп қояды. Дулат балаларының Қоқанмен тілектес болатыныныа сенімді екендігін әрі орыстардан қорғану туралы айтумен болды.Хұдияр ханның нөкерлерінің ішінде он-бес,он алты жастағы сіргелі елінен шыққан Жексен деген жетім жасөспірімге Шымырбайдың ықыласы ауды. Баланың ептілігі, сөз тауып сөйлейтін алғырлығы, зейінділігі ұнады. Қазақтарға бүйрегі бұрып тұратын әділ бала екен. Баланың осы қасиеттерін бағалаған Шымырбай оның астына құнан мінгізіп, қалтасына қомақты алтын тенге салып беріп, оған өкіл әке болады.
22.
Тағдыр екеуін он төрт жылдан кейін кездестіріп, осы бір ақылды бала өз өмірін Шымырбай үшін қиятынын кім білген. Тағдыр әлсізге – демеу, жетімге – жебеу, асқанға – тосқан, сасқанға-сая, ұлысқа – ұран, ұрпаққа ұстаз болуды Шымырбай бабамыздың маңдайына жазған екен. Қоқан ханы мен бектері қанша жерден алдарқатқанымен оңтүстік қазақтары әзірге ұзын арқан, кең тұсау орыс билігін дұрыс көріп тұр. Қоқандықтар күші басым әскерін жіберіп, қазақ ауылдарын қырып – жойып, талай бастады.
23.
Қазақ даласының Гомері атанған Жамбыл ақын Сұраншы батыр дастанында Қоқандықтардың қаныпезерлік әрекетін былай жырлайды:
«Жүрегі қара Құдияр,
Орман бұзық тағы бар.
Достыққа тағы өрт салды,
Қара құрым көп Дулат
Алатау мен Арыстың
Арасында қонысы
Көп болса да шөп болды» - дей келе
Қоқанды құртқан Құдияр
Патшаға қарсы тұратын.
Қуаты жоқ бойында
Қырғызды қанға батырған
Әркімге бір сатылған
Орман хан бар қолында
Қазақты барып талайық
Деген мақсат ойында
Түнде басып сорлатты
Қыз-келіншек қатарлап,
Мінгізіп нарға, атанға
Құсбегі мен бегінің
Құшуына жолдатты.
Қоқаннан келген көп әскер,
Жер қайысып симады.
Мал мен басты шулатып,
Қойша иіріп жинады.
Түйеге мінген жас әйел,
Бетін жыртып аңқылдап.
Жас өспірім сұлу қыз,
Жүрегі ұшып қалшылдап.
Жалаң қағып жасауыл,
Мәз-мейрам боп қарқылдап.
Түйеде тұрған әйелді,
«түс жылдам » деп алқымдап
Шабылған елде дәрмен жоқ,
Жылай берді солқылдап»
- деп қазақтың қорланғанын айта келе Сұраншы батырдың қазақ батырларын жауға тойтарыс беруге шақырғанын былай жеткізеді :
Алатауды қозғалта,
Қырға шығып ақырды.
Андас пенен Нарбота,
Дауқара мен Шымырбай,
Тұматайды шақырды.
24.
Атақты Сұраншы батырдың Шымырбайды ерекше атап шақыруында мән бар. Шымырбайдың ерлігі мен қатар ел бастар көсем, сөз бастар шешен екендігін Сұраншы батыр талай көріп еді.1851 – 1858 жылдар аралығында қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық күресі үздіксіз жүріп жатты. Әсіресе 1858 жылғы наурыз айында болған Әулиеата маңындағы соғыс уақытша болса да қазақтарға жеңіс әкелді.Ташкент, Шымкент, Әулиеата өңірін билеп тұрған Мырза Ахмет жеңіліс тапты. Халық қозғалысының тегеуірінен сескенген кейбір қазақ феодалдары Қоқан билеушілерімен астыртын келіссөз жүргізе бастады. Олар Құдияр ханның қабылдауына барды. Хан жағдайды түбірімен өзгерте қоймайтын, ішінара жеңілдіктерге келісім берді.Мырза Ахметті билеуші қызметінен босатты. Ақсүйек феодалдардың солқылдақтығы, ұйымдасуының әлсіздігі, стихиялық сипаты жеңіліске әкелді. Көтерілістің басты ошақтары аяусыз жаншылды. Бұл ұлт-азаттық көтерілісті басқарған Байзақ датқамен Шымырбай датқалар еді. Ендігі жерде шығыс пен батыстан ентелеп келе жатқан орыстарды қолдағаннан басқа жол қалмады. Қоқанға қарай жол жабылды. 1864 жылы Черняев әскері Әулиеатаны қоршаған кезде Шымырбай Қаратау өңірінен құралған мыңдықты басқарып қоқандықтарға қарсы соғысты.
25.
Қастандық
1864 жылдың жазында Қоқан ханы Құдияр Дулаттан шыққан датқалар, батыр-билерді Ташкент қаласына шақырады. Көпшілік болып ақылдасып шешетін мәселе деген сыңаймен. Негізінде шектен шығып бағынбай бара жатқан Дулат балаларын жазалау. Әсіресе кешегі Әулиеатаға орыстар келгендегі қылықтары шектен шығып кетті. 1851,1853,1858 жылдардағы қарсылығы тағы бар. Бұларды бастап жүрген Байзақ пен Шымырбай датқалар. Екеуінің көзін құртсақ басқалары шектен шыға қоймас деген арам пиғылмен шақырып еді.Ертең Құдияр хан қабылдауына барамыз деп отырғанда үйге сәлем беріп сонау жылдары Қаратауға ханның атқосшысы болып келген Жексен кірді. Қатайып, дене бітімі келісті жігіт болыпты. Ханның шаруашылық жұмыстарын атқарады екен. Шымырбайды оңаша шығарған Жексен ертең ханның қабылдауында болатындықтарын, бірақ бәрін өлім жазасы күтіп тұрғандығын жеткізеді.
«Аға, ертең ханның қабылдауында барғандарыңызда үстеріңізге қызыл шапан жабады. Ол деген өлім жазасы. Сіздерді алдарқатып қонақасы береді, шарап ішкізіп мас қылады. Түнде келіп арнайы жасауылдары байлап-матап арғы күні орталық алаңда зеңбіректің аузына байлап атып өлтіреді.Оның үстіне жуық арада бір датқа келіп сіздерді әбден жамандады. «Байзақ пен Шымырбай сізді менсінбейді, сыртыңыздан «қарамойын сарт» деп балағаттайды, сіздің салған салығыңызды жөнді төлемейді, қыз салығын төлемейді»,- деп жамандап кетті. Сауытыңызды шешпеңіз, қаруыңыз да өзіңізбен болсын. Сіздің сарғасқа атыңызбен қоса ханның жүйрік ақбоз атын кешке қараңғы түскенде сіз отырған үйдің алдына әкеп қоямын, хан жасақтары аттарының тартпасын кесіп тастаймын. Мен үйге кірген кез белгі деп ұғыңыз. Сол кезде сіз орныңыздан атып тұрып, қылышыңызды қолға алып, сыртқа атып шығасыз. Алдыңызда үш тосқауыл бар,солардан аман өтсеңіз болды. Былайша кете алмайсыздар, мықты күзет қойылған. Мені сол қылығым үшін хан дарға асады., ақыретте бас қосармыз аға, хош болыңыз» деп Жексен қараңғыға сүңгіп жоқ болды. Шымырбай Байзақ датқаға қастандық жасалынбақшы екенін айтады.
Байзақ бұл сөзге сенбейді,»Қоқанның халі мүшкіл,артымызды сұраушы қалың Дулат тұр. Оған дәті шыдамас»-деп. Алда-жалда сен аман құтылсаң, бізге қастандық жасай қоймас. Ертеңіне хан қабылдауына барар алдында Шымырбай сауытын киіп,қайқы қылышын беліне тағып, сыртынан ұзын кең шапан киіп алады. Жексен айтқандай-ақ датқалар келіп қапты деп,қошемет көрсеткендей үстеріне қызыл шапан жабады. Қоқанның ойы түсінікті болды. Хұдияр хан сәлем беріп кірген Шымырбайға : «сенің оң көзің батыр, сол көзің қорқақ екен ғой дегенде, хан ием, екі көзім бірдей батыр болса, сіздің алдыңызға келер ме едім»- деді. Шымырбай сыртқа шығып кеткенде ханның уәзірі : «Жаңа датқа кіріп келгенде орныңыздан тұрып кеткеніңіз не»,- деген сөзіне «Оң иығында жолбарысы бар екен, аруақты кісі екен», - десе керек. Хан біраз болған соң «Құрметті датқалар ішіп-жеп отырыңыздар,ертең сұхбаттасамыз» деп шығып кетеді. Ымырт жабыла Жексен үйге кіреді. Осы белгіні күтіп сақ отырған Шымырбай атып тұрып, беліндегі наркескенін суырып алып ақырғанда хан жасауылдары сасқалақтап екіге жарылады.Жүгіріп барып дайын тұрған ақбоз атқа мініп өзінің сарқасын жетекке алып, салып ұрып үш тосқауылдан да аман өтеді. Содан шапққаннан Қазығұрттың баурайына келіп бір-ақ т оқтайды. Сауытын шешкенде оған қадалған жеті жебе жерге түседі. Шымырбай аман қалғанымен зәлім Құдияр хан Байзақ датқа мен жолдастарын зеңбірекке байлап атқызып, мұсылманға жат айуандық әрекетке барады.
26.
Соңғы жорық
Шымырбай 1864 жылы Шымкентті, 1865 жылы Ташкентті алатын соғыстарға қатысты. Байзақ датқаның кегі деп талай қоқан бектерін найзалады. Сонау 1847 жылы Кенесарыны қолдап еді, енді келіп Қоқан жағындағы қазақтың соңғы ханының ұлдары Сыздық, Тайшық сұлтандарға қарсы шығуға мәжбүр болды. Аумалы-төкпелі заманда бәрі бола береді екен ғой. Қоқанды орыс әскерінің көмегімен жеңіп, енді бір тыныштықпен өмір сүреміз бе деген ой да жүзеге аспады. Орыс әскерінің соңын ала бірер жылда шұрайлы жерлерге орыс мұжықтарын қоныстандыра бастады. Сонда қалай болғаны. Опа береді деген орысымыз тынышымызды тарылта бастады. Бұлардың да түпкі ойы қазақ жерін отарлау екенін түсінген Шымырбай Түркістан маңында әскер жинап жатқан Кенесарының ұлы Сыздыққа барып қосылады. Сыздықтың қарауынды Шанышқылы Көшек датқа, Дулаттан Төртбай датқалармен қосылып енді орыс әскеріне қарсы соғысты. Сыздық сұлтан батыр, датқаларды шақырып үлкен жиын ашты.
«Қазақ бауырлар, мен атамды, әкемді бауырларымен қырғынға ұшыратқан қоқаннан өш алам ба деп едім.., бірақ сол қоқан әскерін басқарып орыстарға қарсы соғысуға мәжбүр болдым. Қоқанның күні бітуге таяу. Хиуа,Бұхара хандықтары да көп ұзамай орыстардан жеңілетін түрі бар. Орыс әскері ай сайын көбейіп күш беретін түрі жоқ. Ендігі жердегі біздің қарсылығымыз айға шапқан арыстанның кері болайын деп тұр. Ел еркіндігі үшін аттан түспей күрескен сіздерге мың алғыс. Осымен күресті доғарайық. Ағайындарыммен бірге мен де орыс бодандығын қабылдаймын. Елге барып сіздер де солай істеңіздер. Қазақ несібесіз ел емес еді ғой, алланың біз үшін,ұрапқтарымыз үшін оң көзбен қарайтын күні туар. Алла саған жазсын. Хош болып тұрыңыздар, бауырларым !» - деп сөзін аяқтады.
Жазмыштың маңдайға жазғанын көрерміз деп Шымырбай жолдастарымен Қаратауға келді. Бұрынғы полковник Черняевқа көмектесіп, қоқанға қарсы соғыста көрсеткен ерлігін бағалаған орыс әкімшілігі Шымырбайға ләм-мим деп жақ ашпады. Ендігі жерде бейбіт өмірге көшіп, ел-жұртты жаңаша шаруашылық жұмысына бейімдеу, тұрмыс-тіршілігін жетілдіру сияқты жұмыстармен шұғылдану қажет деген ойға келді. Біз ала алмаған теңдікті,тәуелсіздікті кейінге ұрпақтарымыз алар. Бұл қазақтың басына бодандықты жазып қоймаған шығар. Қара бұлт кетіп, шуақты күндер де келер әлі.
«Сонау баста о баста,
Жаралғалы қара жер.
Жаралғалы көк аспан,
Естеби мен Бумынның
Адамзаттан бағы асқан
Төрт бұрышы дүниенің
Соларменен санасқан»
- демеп пе еді бабаларымыз. «Аруақты елдің ұрпағы едік қой, қазақтың да қасиеті артып, басқалармен терезесі тең болатын уақыт туар» - деп алдағы күнге үмітпен қарады.
27.
Бейбіт өмір
Түркістан соғысынан оралғаннан кейін Шымырбай қамшының орнына құран алып, дін жолына түбегейлі бет бұрды. Халық арасындағы дау-дамайға әділ билік айтып, батасын берер аузы дуалы ел кемеңгеріне айналады. Келешек ұрпақ қамын ойлаған Шымырбай бабамыз Бұхара қаласында жоғары діни білім алған Қонақбай Баймағанбетұлының(1827-1897жж) мектебінде ауыл балаларын оқытады. Сай қапталындағы бастаулардың басына егін ектіруді қолға алды. Шымырбай сайының ішімен ағып жатқан өзен суына тоған жасап, қырға су шығарып, тал-дарақ, жеміс-жидек, дәнді дақыл екті. Данай балалары отырған басқа сайларда да осындай қауырт жұмыс басталып кетті. Күзге қарай тілді ойатын бал татыған қауын, қазандай асқабақ, жүгері жеп бала-шаға мәре – сәре. Бір тақия тары егіп, екі- үш қап өнім жинап жатқаны қаншама.Жаз бойы алғаш алма, алмұрт, шие, долана, кәтірәңкі ретімен пісіп балалар жеміс-жидекке тоқ. Өзеннің екі қапталы тола бүлдірген. Қоқан келіп шабады деген үрей жоқ. Жан-жақтағы ағайын шақырысып, той-думан да өтіп жатты. Таудың іші тола арқар, елік, марал. Ерінбесең тауға шығып атып ала бер. Күзге қарай жануарлар қатты семіреді, сүбе қабырға қос елі майға толады. Қысқы соғымға дейін талғажау жасайсын, әрі ұсақ малға үнем болады.Мына Шымыр Құттықтар неге бұл жерді таңдағанын енді түсіне бастады.
Айтпақшы ана жылы Шу бойына қоныс аударған Құттықтар орыстар Әулиеатаны бағындырған сол өздерінің ата қонысынаа келе бастады. Қасқасудан көшіп келгенде Берікқара, Құлдың сайы, топ ағаш сайы, Тік асу, Жыланды, Құртты бастау, Көк бастау, Шымырбай, Кепелі, Байғазы, Есіркеп, Аман сайға өз ағайындарын отырғызып еді.Құттықтар оң қапталдағы Белбұлақ, Көқіш сай, Жұрын сай, Жығалы, Саясу, сол қапталдағы Айырсай, Елікті, Тұтты сай, Бүкір, Арбатасқа келіп отыра бастады. Данай балалары қоныстанған сайлардың бұрынғы егелері Билікөлдің жағасына жайғасты. Шымырдың Қазымбетінен төр қарағай атанған Дүлділ, Сарыбас, Қаратеке, Бәйімбет тарайды. Бәйімбет бидің баласы Құттық. Құттықтың тоғыз баласы бар. Өсіп-өнген ел.
Тау бөктерінде Құлсары мен Баян батырдың ұрпақтары тұрады. Ал Елібай мен Қожакелді Аса өзенінің Құмтиын мен көлге құяр оң жақ сағасында қоныстанған.
«Ер Саза өзгелерден дара туған,
Қол жинап төрт Қарағай баласынан.
Қоқанда кеткен кекті қайтармаққа,
Аттанды Билікөлдің жағасынан»
- деп Балта ақын жырлайтын Саза батыр осы кісі. Шымырбайдан сәл кішілігі бар.
28.
Ауыл сотқарлары
Түбі бір Дулаттың баласы әрі құда-жекжаттығы да бар Құттықтармен сүттей ұйып, силасып отырғанда ауыл тентектерінің кесірінен арада реніш туа бастады. Шымырбай датқаның беделін пайдаланған балалары, сотқарлау ауыл жігіттерін ұйымдастырып Тікасу, Шымырбай сайларындағы асудан асқан жүргіншілерден салық ала бастады. Төлемегендердің атын тартып алып, жаяу жіберді. Ылауға алған мініс аттарын иесіне қайырмай сіңіріп кетуді әдетке айналдырды.Шымырбай сайының сол жағындағы қырмен Жуалыға баратын жалғыз аяқ асу бар. Сол асумен жарым жолға барғанда Амансай доғаша иіліп келіп Шымырбай сайына түйіседі. Сол жерді Жетпісбай бие өлген жер деп атайды. Жетпісбай деген кісінің биесі тайып кетіп құзға құлап өлген екен. Асумен жүргенде қандай мықты ат болғанмен әр 50-60 метрде тоқтап атты демалдырып отырасың. Асуға жеткенде оң жағын терең құз, сол жағың биік жарғабақ, алдың терең сай. Астыңдағы атың әр қадамын санап мүлгіп жүреді. Сол жақтағы жарқабақтың арасы арамен кескендей. Ені алты-жеті, ұзындығы 13-14 метр, жарғабақтың батыс жағы таспен қаланған, күншығысында есігі бар. Бір үйір жылқы молынан сиып кетеді. Осы күнге дейін Шымырбай балалары жылқы қамаған қора деп аталады. Міне осы асуда аңдушы алмай қоймайды. Осы жерде алым-салық бекеті жасаған ауыл жігіттері беттерін таңып алып, қарап отырып ермекке мал тапқан. Ауыл сотқарларының бұл әрекетін Шымырбай білмейді. Қанша құпия сақтаймыз дегенмен кейін жария болады. Жалғыз-жарым жүрген малдарды да айдап әкетіп сойып ала берген.Шымырбайдың сексеннің белесіне жақындап қартайып, жүріс-тұрыс азайған шағын ауыл жігіттері осылай пайдаланған екен.
29.
Жігіттердің теріс қылықтары әшкереленіп, Құттықтар тарапынан наразылық туады. Шымырбайдың өзі өте таза кісі болған. Бес уақыт намазын оқып, ел жұртының амандығын тілеп отырған. Билікөлдің күншығысында отырған Саза батырға хабар жіберіп, 1867 жылдың мамыр айында жаныстар мен құттықтардың ел ағалары Шымырбай сайына жиналады. Саза батыр өр мінезді, өзі айтқаны болмаса, өлгеніне пейіл, тоқтамайтын кісі болған. Ол кісі ұзын бойлы, тарамыс денелі, шүңірек көз, шойын қара өңді, тілі сақаулау екен. Саза қызды-қыздымен Шымырбай датқаға балаларының ісі үшін ауыр сөздер айтып жібереді. Тау бөктері біздің ата қонысымыз. Бұл жерден түгел көшесіңдер деп талап қояды.
«Әй, көміршінің қара көсеуіндей болған қу сақау не деп тұрсың» - деп Шымырбай қылышын суырып алады. Саза да қайқы қара қылышын ала ұмтылады. Екі батырды қылыштасуға жібермей естияр ел ағалары арашаға түседі.Талай ел арасында билік жүргізіп, қара қылды қақ жарып, әділетті шешім шығарған Шымырбай датқа емес пе, біраз ойланып ақылға келді. Мына Саза батырмен мәмлеге келу мүмкін емес. Бұл өзі бір қисайса қайта түзеле қоймайды. Не өзінің басын береді немесе біреудің басын алатын мінезді.Оның үстіне қанша кесек сөйлегенімен сөзінің жаны бар. Қаратау бөктеріндегі сайлар Құттықтардыкі екені рас. Ауыл балаларының елдің зәбірін алып, сотқарлық жасағаны дәлелденіп тұрғаны тағы айқын. Бүйте берсек ағайынды екі елдің арасы ашылып кететін түрі бар. Өмір бойы не үшін аттың жалы, түйенің қомында жүрдік. Осы қазақтың бірлігін қалыптастырам, ел қылып еркіндік әперем деп күреспедім бе. Әділетті шешім шығармасам Шымырбай датқа, батыр, би деген атыма нұсқан болмай ма. Кейінгі ұрпақтарыма сын болмайтын, жүзін жарқын, кеудесін тік ұстайтын, өсиетті үлгі қалдыру менің міндетім ғой.
30.
Шымырбайдың шешімі
-«Оу, ағайын ! Бәйдібектен тараған түбіміз бір Дулаттың балалары екеніміз шын. Екі туыс ағайынның арасына жік түсіру болмас. Өмір бойы ел бірлігі үшін күрестік, оны бәріңіз білесіздер. Бүгінгі ойым да сол. Мына Қаратау бөктері сіздердің ата-бабаларыңыздың мекені екенінде дау жоқ. Біраз жыл Данай балалары суын ішіп, ауасын жұтты. Бұйырған ризығын көрдік. Сіздерге рахмет. Қысылып-қымтырылмай іргелес отырдық. Менің жерімде неғып отырсың деп алакөзденбедіңіздер. Бұл мінез де тектіліктің белгісі. Мына ауыл жігіттерінің маған білдірмей жасаған теріс қылықтарына ұялып отырмын. Ол үшін ғафу етерсіздер. Мен былай шешім шығарғалы отырмын. Өздерің Шымырбай сайы атап кеткен осы сайда Данай әулетінен бір – бір үйден барлығы он шақты үй қаламыз, қалғандары Билікөлдің арғы бетіндегі Жеті төбе, Қаракемерге көшеді. Ар жағындағы тоқпан жаныстармен іргелес отырсын. Бұған не дейсіздер» - деп сөзін аяқтады.
- Алла разы болсын ! Тәңір жарылқасын Шымырбай датқа ! – деп екі жақ ақсақалдары ризашылығын білдіріп жатыр.
- «Менің бір ұсынысым бар» - деді еңсегей бойлы, елулердің ішіне еніп қалған бурыл сақалды Беделбек Қосайұлы. Бұл Құттық – Баян – Бекболат – Тоғана Қосайдың баласы еді. Кейін Шымырбай датқамен көрші отырып, ет жақын туыс болып, ұрпақтары – ұрпақтарымен достық қатынасы үзілмеген. Беделбектің ұрпақтары өсіп-өніп бір шөбересінің Шымырбай датқа туралы жүз отыз жылдан кейін кітап жазатынын ол уақытта кім білген.
- Не айтайын деп едің Беделбек ?
- Бағана Шымырбай датқа ойлануға кеткенде, үйге барып қысыр емген тайды сойдырып қойдым. Елдің игі жақсылары бас қосып әңгімелесейік. Екі батыр бір-бірінің қолын алып, төс қағыстырып достасып кетсін» - деп едім.
- О, ақылыңнан айналайын Беделбек, өркенің өссін ! Игі жақсылар бір дастарханнан дәм татып, ризашылықпен тарқасты.Осылайша ағайынды екі атаның арасындағы дау Шымырбай датқаның майдан қыл суырғандай көрегендік билігі арқасында шешімін тауып еді.Шымырбайдың осы шешімін Данай ұрпағы Пернебек Тлепбергенұлы да растады. Шымырбай бабамыз жорықта қатал, қаҺарлы болғанымен жайшылықта ақжарқын кішіпейіл кісі екен. Жоғарыда айтып кеткен Беделбек атамыз Шымырбаймен сыйлас болыпты. Жасы екі мүшелдей кіші. Беделбек атам айтты деп әкем Мырзай Дуанаұлы (1906 жылғы) Шымырбайдың ерлік істерін жыр ғып айтатын. Мырзайдың әкесінің ағасы Тапы да он жас шамасында Шымырбайды көрген.
31.
Шымырбай туралы естеліктер мен деректер
Шымырбай туралы ертеректе шыққан газет мақалаларында сұхбат берген Үсенқұл Тоғызбайұлы, Көсембай ақсақал,Әбділда Ойықбайұлы, Тапы атам аузынан естіп едім дейтіндерінің жаны бар. Ол кісілердің барлығы сол Шымырбай сайында туып өскендер. Шымырбай көтерген тасты тамашалап бала кездерінде соның үстіне шығып ойнағандар. Тапы деп отырғандары менің әкемнің әкесінің ағасы. Шымырбайдың ағасы Байқарадан Кедейбай. Кедейбайдың баласы Әсілбек атамыз да Шымырбай сайында тұрып, 1960 жылдары Қаракемерге көшіп барып, сонда қайтыс болды. Шымырбайдың шөбересі Иса Тлекеұлы ағамыз 1935-1936 жылдары Байбөлек атамнан естіп едім, Шымырбай туралы әңгіме айтып еді, Шымырбайдың бейітін көрсетіп еді деп бүгінде көзі тірі Жапархан, Садуақас ағаларымыз Әсілбек Кедейбайұлынан естігендерін айтып берді. Тіпті Жапархан ағамыз екеуміз Шымырбай жолбарыс ұстаған сайды, Пайғамбар бастауын, Шымырбай балаларының тастан жасаған қорасын тағы көптеген жерлерді атпен араладық. Жартастарға айдаҺар, арқар, марал, елік, қошқар, барыс, жолбарыс бейнесі салынған петроглиф ескерткіштерін суретке түсіріп алдық.Тапы атамның әңгімесі : Мен 8 – 10 жастар шамасында едім. Арқасында екі арқары бар Шымырбай атам келе жатыр екен.
Ата, арқардың асығын бересіз бе ?
Беремін , жүр үйге - деді атам.
Үйге келген соң кемпіріне сусын әкел дейді. Мұз қатып жатқан кез екен, даладағы қазаннан беті қатқан көженің мұзымен араластырып Шымырбайға ағаш табақпен толтырып әкеп береді. Табақтағы көжені ішкенде асқазанынан салдыр – гүлдір еткен дыбысты естиді.
Сен де ішесің бе ? – деп апасы Тапыдан сұрайды.
- Ой, бұл ақырзаманның торғайы мұзды қайтіп ішеді, жылытып бер ? – деген екен.
32.
Тапының әкесі Беделбек шаруасы болып Шымырбайдың үйіне барады. Кел, Баян батырдың ұрпағы, төрге шық деп текеметтің үстіне жайылған жолбарыс бөстекті нұсқайды. Үлкен тарғыл жолақ бөстек жолбарыстың терісі болса да, адам тітіркеніп қалады екен.
- Не таңқалып отырсың ба, былтыр аңдып жүріп қақпанға түсірген жолбарыстың терісі ғой. Қорадағы малға шауып тыныштық бермеген соң жазалауға тура келді.
- Қақпандағы аң ызалы болады деушы еді ? – деп қалай ұстағанын білгісі келді.
- Ия, қақпанға алдыңғы аяғынан түскен екен. Қоқанға барғанда арнайы соқтырып ем, қажетке жарады. Көзі қызарып, құйрығын екі жағына сабалап, айбат шегіп жатыр екен. Қолымда емен сапты найзам бар, жақындап келе бергенім сол екен, аузын арандай ашып ұмтылды. Найзаны сермеп қалғанымда аузынан кіріп, қарақұстан бір ақ шықты.
Шымырбайдың ірілігі соншалықты атып алған арқар киіктер кәдімгі адамның беліндегі қояндай болып көрінеді. Ұстаған олжасын алланың берген нәсібесі деп , ауылға түгел таратып береді. Қолы ашық, кең кісі. Қаратаудағы жолбарыстар кейін келе азая бастады. Ілуде біреу болмаса көрдім дегендер сиреп барады.
33.
Шымырбай датқа туралы деректер ізі суымай, бүлінбей, қоспасыз екі-үш ұрпақ жалғасымен бүгінге жетіп отыр. Жазба деректер өз алдына далалық ауызша тарихнама,оның ерліктеріне нәр беріп тұр. Намазын қаза қылмайтын, рухани біліктілігі жоғары, өз заманынан озып туған Оғлан ұл әулие кісі болған. Күн райын да жетік меңгерген. Бір жылы қар мол жауып, көшкін болатынын сезген Шымырбай Беделбекке сайдың ішіне терең бармауын ескертеді. Беделбек атамыз бес-алты жүз қойын, он шақты сиыр малын айдап шөбі мол, шеңгелді қора деген жерге қыстатуды жөн көреді. Өзі төменгі ауылға барып кайтып келсе мал да, қора да тып-типыл, қар көшкіні басып қалған. Бірдеме қардың астынан қозғалғандай болады. Аршып қараса шөккен түйе екен, қасында қабырғасы сынып әйелі жатыр. Түйенің жылуы аман сақтап қалыпты. Айтқанына көнбегені үшін Шымырбайға қарауға бет жоқ, ұят-ай. Шымырбай ол үшін сөкпейді. Шақырып алады да алдына сап жиырма щақты қой айдатып жібереді. «Шымырбайдың алдында осылай екі рет жерге кірердей болып ұялып едім» - деп айтып отырады екен, жарықтық.
Тағы бірде кішкентай Тапыға айтады. Шешеңе айта бар, қылшық жүнді қызыл қойларды қалдырсын да басқасын сатып жіберсін. Қыс қатты болады. Айтқаны дәл келеді. Қалай әулие демейсің.
34.
Бір күні Беделбектің баласы кішкентай Тапы Шымырбайға барып «ата сайдың кіре беріс ауыз жағын маған беріңізші»-деп сұрайды.
Оны не қыласың ? – дейді ғой атамыз.
Мен осы жерге су шығарып, егін, тал егемін.
О айналайын, алла алдыңнан жарылқасын, ұрпағың өсіп, рулы ел болсын. Бүгіннен бастап сенің жерің – деп батасын берген екен,
- Шымырбай сайдың екі жағын ала қоныстанған Беделбек және оның ағайыны Төлеуіш ұрпақтары бүгінде 70-80 шаңырақ болып отыр. Шымырбай әулиенің батасы біздің әулетке дарыды деп отырушы еді үлкендер. 1878 жылы 82 жасында қайтыс болған Шымырбайдың денесі қазіргі Абдықадыр ауылының оңтүстік шығысына қойылды. Абдықадыр Жүргенұлы бала кезінде Тапы атасының арқасына мініп, Шымырбай бабасы туралы талай қызықты әңгіме естіп өсті. Шымырбай датқаның баяғы бала Тапыға берген батасы дарып немересі Әбдіқадыр облыс, аудан басшысы қызметтерін атқарды. «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын»,- деген кітабы сол Шымырбай сайындағы балалық шағынан бастау алады. Тарих ғылымдарының доқторы, профессор атанды.
Колхоздастыру (ұжымдастыру) кезінде тау құттықтары Шымырбай баба жерленген топ шәңгелдің үстіңгі жағына орналасты. Біз кейінгі ұрпақ үлкендердің бұл әрекетін Шымырбайға деген құрмет деп ұқтық.Шымырбайдың басына барып зиярат етушілер көбейді. Бала көтермеген әйелдер, ауру-сырқаулы адамдар барып, басына түнейтін болды. Олардың бала көтеріп, ауруынан жазылып кеткендерін үлкендер айтып отыратын. Шымырбай әулиенің атақты сарықасқа атының басы отан соғысына дейін сақталып келіпті. Малға келетін кесепат-аурулардан сақтану үшін оған да зиярат еткен.
35.
Жоғарыда айтқандай Қаратаудың іші аң-құсқа толы болған. Арқар,марал, тауешкі, елік, кекілік, тау бөктерінде дуадақ. Қай жерде жемтігі мол болса, міндетті түрде қасқыр, жолбарыс, барыс, елеусін, мәлін қоса жүреді. Біз Жапарған аға, Жамбыл аудандық Шұғыла гезетінің тілшісі Дүйсенбек Орманов және мен Шымырбай сайын, оған іргелес Берікқара, Тікасу, Құлдын сайы, Елікті, Амансайды аралағанда күнес беттегі жартастарға шекілік салынған бедерлер негізінен хайуанаттар мен жануарлар : айдаҺар, маралдар, бұғылар, таутеке, арқарлар, жолбарыс, барыс, аракідік ит ерткен, түйе жетектеген бейнелердің салынғандығын көріп , суретке түсіріп алдық.
Демек аты аталған аңдар мен жырқыштар сол өңірді мекендегендігі бұлтартпас дәлелдер. Бұл суреттердің салыну уақыты да біздің жыл санауымыздан көп бұрын болғандығын көрсетеді. Ғалымдар Қаратау өңіріндегі тастағы суреттерді қола дәуірі тіпті неолит кезеңінде салынған деген тұжырымда. Бұл көне заманнан бізге жеткен ілгері мәдениеттің құнды үлгісі деп тануымыз қажет. Міне осы тастаға аңдарды тірідей көріп, ұстаған деректерге жүгінсек Шымырбай бабамыздың жолбарыс ұстағанын жоғарыда айттық.Шымырбайдың немересі болып келетін Кедейбайұлы Әсілбек атамыз да аңшы, құсбегі болған кісі. Шаруаға бейім, ұқыпты екен. Пысыққа пысық адам әркез жақын келеді ғой. Жастайынан жетім қалып, еңбек сауған Жапархан ағамыз Әсілбек атаға ілесіп, аңға шығып, талай қызықты әңгімелерін естіген.
Бір күні соғыстың алдында деймін – ау, аңға шығып еш әрекетсіз дәу бір құлжаны құдай бере салды ! – дейді Әсілбек.
Қалай бере салды, ақсақ па екен ? !
- Жоқ, сап – сау екен. Бауыздап тұрып бере салды.
Апыр-ау көке, сондай да бола ма ?
Болады екен!
Мына сөзіңізге күмәнданайын дедім.
- Күмәнданатын ештеңесі жоқ.
Өткенде Тлеубай бастауына суға түсіп қырға көтеріліп бара жатқан үлкен құлжа бастаған бір топ арқарды көргем. Ертесіне сәске тұсқа таман суатқа түсетін уақытысынан ертерек барып, қалың кәтіреңкінің ішіне жайғастым. Қолымда аяқты мылтығым бар, күтіп отырмын. Біраздан соң оң жақ бүйірдегі биік жарқабақтан тастың сылдыры естілді. Абырой болғанда жел де сол жақтан еді. Мылтығымды оңтайлап енді қарай бергенімді бес-алты арқар состиып тұрып қалды да көзді ашып жұмғанша бір тарғыл жыртқыщ аң дәу құлжаны алқымнан алып, лақтырып жіберді де басқа арқарларды қуалап жоқ болды. Бұл не болды деп, жартастың түбіне барсам құлжаның бауыздау тұсынан қан атқып, жануар тыпырлап жатыр екен. Бұны құдай бере салды демегенде енді не дейін !
36.
Атақты Қатпа батырдың ұрпағы Нартай атамыз Тікасудан шығып өрлеп арқар кездестіре алмаған соң, Жыландының үстімен Шымырбай с айына қарай түседі. Шатқалдың бір бүйірінен келесі бетке жылжып бара жатқан бір топ киікті көреді.
Көзкөрім жердегі киіктердің соңына түседі. Киіктер жартасты қырдан асып көрінбей қалады. Осы тұста боларсың деп келесі көрінген жартасты слемге көтеріледі. Мысықша басып, мылтығын оқтайлап жартастың үстіне шығып етпеттеп жатып, алдына дүрбі салады. Киіктер зым-зия көрінбейді. Енді бір мезет жартастың астына үңілген Нартайдың денесі дір ете қалады. Өңім бе, әлде түсім бе деп қайта төмен үңіледі. Ия, дәл өзі. Арқан бойы төменде күннің қызыуына балқып керіліп тастап дәу жолбарыс ұйықтап жатыр.
Нартай атамыз жайлап мылтығын алады да сыбдыр шығармай кейін шегінеді. Бір қыр асқаннан кейін ғана «уф»,- деп демін алады.
Ата – ау дәл түбіңіздегі ұйықтап жатқан жолбарысты неге атып алмадыңыз, құдай беріп тұрған несібе ғой ?! – деген Жапарханға.
- Шырағым-ау, ескі аяқты мылтық оталмай қалса қайтер едім, құрғырың оянып кетіп қайта мен оның несібесіне айналып кетпейтініме кім кепіл. Жолбарыс ұстайтын Шымырбай деп пең. Одан да аман жүргенім олжа емес пе ! – деген екен.
37.
Түйін
Биыл көктем ерте шығып. Қараой сазына көшіп алған Шымырбай ауылында жұма сайын қыз ұзату, келін түсіру сияқты той-думан, шат-шадыман. Тау жақ бөктер қызғалдақ – сарғалдағы парсының кілеміндей құлпырып, Билікөл тұсы көкорай шылғын жайқалып т ұр. Көкорай шалғынға ат сүрініп, құлын оралатын жайлауға жетісімен бие байланып, қымыз сапырылды, бағлан қозының да жетілген кезі.
Бала – шағалар асыр сап ойнап, ел-жұрт күнделікті тіршілігн жасауда. Шымырбайды соңғы кезде бір ой мазалай берді. Өмір бар жерде өлім бар. «Уақытым жетіп, бақилық дүниеге аттансам балаларым мен ағайындарым мені қайда жерлеуі мүмкін ?»-деген сұрақ тұрды. Шымырбай көптен бері өзін мазалап жүрген ойын ағайындары мен балаларына жеткізуді жөн көрді. Бір тайды сойдырып Данайдан тараған үлкен – кіші атқамінер ағайындарын түгел шақыртты. Кешқұрым далаға киіз, көрпеше төсетіп, тамақ жеп болған соң :
- Қадірменді бауырларым, балаларым ! Өмірдің басталуы бар да , аяқталуы бар. Тал бесіктен басталатын дүние шіркін,жер бесікпен тамамдалады. Бірер айдан соң шөп буыны қата ұзақ сапарға аттанатын шығармын. Мені ешқайда сүйрелемей, анау көрініп тұрған тау бөктеріндегі тастақ пен көлдің сазы тоқайласатын жердегі қыратқа жерлеңдер. Осы сүрлеу жол кейін келе даңғыл жолға айналадаы. Өткен – кеткен дұға оқуға да ыңғайлы. Қасында шағын бұлағы да бар. Мына Құттық ағайындармен қыз беріп, қыз аласып жекжаттығымыз артып, бұрынғыдан да жақын болып кеттік. Талай жылдар осы өңірдің отын оттап, суын бірге іштік. Бұлар да маған жақын. Елу жылдай аттан түспей ел, жер деп қазақтың намысы үшін күрестім. Сондықтан қазақтың қай жері болса да, ол менің алтын бесігім. Оның үстіне түбіміз бір Дулаттың баласымыз. Келешек ұрпақтың қамын ойлаңдар. Мен кеткеннен кейін де тату-тәтті тұрыңдар»-деп сөзін аяқтады.
Шымырбай датқаның батырлығынан бөлек алдыңғыны болжайтын әулие қасиетін білетін ағайындары үнсіз бас изесті. Әсте ұлы адамдар өмірден өткенде дүния бір сәт шайқалғандай болады. Орны опырайып білініп, серкесінен айырылған жұрт өзін жетім сезінетін кездер болады. Ағасының сөзіне толқып отырып :
- Уайымдамаңыз, көке ! Сіздің айтқаныңыз орындалады. Сіздің Шымырбай деген атыңыздың өзі бізге айбар еді. Жетітөбе, Қаракемердегі туыстарымыз баяғы өзіңіз апарып қоныстандырған жерде өсіп-өнуде.Өзіңіз жасатқан тоғаннан су алып егін егуді меңгеріп алдық. Абырой атағыңызға дақ келтірмей, еліне қорған, халқына қамқор екеніңізді кейінгі ұрпақ біле жүретін болады – деді Данайдан тарайтын Қосыбақұлы Алтыбай би.
38.
Шымырбай датқа жеп отырған малдың етіне қарап –ақ түсі қандай, таза мал ма біліп қояды екен. Ұрлықы малдың етін жемеген. Баласы Бақтыбай сынамақ болып ұрлықы қойдың етін асып шақырады. Етті аузына сала беріп, «е, балам, құрттың ғой»- деп шығып кетеді.
Шымырбай осыны айтып ақырғы рет,
Орнынан тұра берді қолын тіреп.
Өкініш ашу менен қатар келіп,
Әлсіреп бара жатты шаншып жүрек.
Қарауытып толқып тұр айналасы,
Кішірейіп барада көз шарасы.
Осылай өтіп еді бұл фәниден,
Қазақтың елім деген бір баласы.
Ала алмаған оғы да, жау жебесі,
Соңы болды өмірдің күн келесі.
Харамдыққа қаны қас жақтырмайтын,
Бақилыққа жол тартты жан төресі.
(Дәулетәлі Тәжұлы)
- Бұл өлең жолдары Балта ақынның ұрпағы Мәдіхан Рахманқұл ұлының архивінен алынды.
- 1878 жылы күз түсе Шымырбай батыр бұл фәниден бақилық сапарға жол шекті.
39.
Қазақ халқының дәстүрі бойынша келесі 1879 жылы сүмбіле туа шығысы Шу, Іле, Талғар, батысы Қазығұрт, Сыр бойы, солтүстігі Сарысу, оңтүстүқтегі қырғыз ағайындарға сауын айтылып үлкен ас берілді. Шымырбайдың атақты сары қасқа аты жал-құйрығы күзеліп осы асқа сойылды.
Сарықасқа аттың басын Шымырбай сайындағы астаутастың жанындағы биік бәйтерекке ырымдап іліп қойды. Бұл астан Данай жаныстар ғана емес бүкіл Дулат, намысқа шапқан иісі Бәйдібек балалары аянып қалған жоқ.
Шымырбай сайы мен Берікқараның арасындағы таудан аққан өзендерді жағалай тігілген үйлердің саны екі жүзге жуықтады.Сойылған малда,байланған биеде есеп жоқ. Ет тау боп үйіліп, қымыз өзен боп аққан. Аста үш жүздей ат шауып, озып келген жиырма бір жүйрікке тоғыз – тоғыздан бәйге берілген. Үш күн көкпар шабылды. Сайыс, күрес өнерінен күш сынасты. Асқа нөкерлерімен сұлтан Сыздық Кенесарыұлы Қарабұлақтан арнайы келді. Қордайдан Кебекбай мен Ноғайбай шешен , Таластың төменгі ағысынан Сапақ датқа, Шаяннан Досбай би, Жетісудан Өтеген батырдың ұрпағы Тілеміс шешен тағы басқа ақын-жыраулар жиылды.Шымырбайдың ерлік істері мен жорық жолдары туралы талай жыр толғаулар төгілді. Билікөлдің жағасын дүбірге толтырған сол аста қазақ елі Шымырбайдай Оғлан ұлын соңғы рет жоқтап, даңқын аспанға шығарған еді.
Шымырбай датқа туралы бұл баянат боямасыз тек тарихи деректерге негізделіп жазылды. Кезінде кеңестік саясатқа қайшы келетіндіктен бұл тарихи шындық сыртқа шығарылмай жабулы күйінде қалған еді. Бүгінде қазақ баласына тәуелсіздік таңы атып, айы оңынан туған заманда Шымырбайдай елі үшін еңіреп, тәуелсіздігі үшін тыным таппай күрескен Оғлан бабамызды дәріптемесек кейінгі ұрпақ бізге сын. Қазір – Дулат – Жаныс – Данай ұрпақтары Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Аса, Қаракемер ауылдық округтерінде шоғырланған,. Тараз, Алматы, Астана қалаларында да қызмет бабында тұрып жатқандар көпшілік. Шымырбай балаларының жолын қуып ел тізігінін ұстап, халыққа қызмет етіп жатқан ұрпақтары жетерлік. Дүние жүзіне әйгілі боксшы, қоғам қайраткері Серік Қонақбаев, Жамбыл облысында басшы қызметкер, әрі халық қалаулысы Масат Әшімұлы, Жамбыл ауданы ардагерлер алқасының төрағасы, көп жылдар білім беру саласында басшылық қызмет атқарған Келгенбай Шалқаров, аудандық қаржы бөлімінде басшылық қызмет істейтін Мақсұт Бекзатұлы тағы басқа да ұрпақтары ел игілігі үшін қызмет жасауда.
Марқұм Жолымбекұлы Арыстанбек үлкен суырып салма ақын болған. Көп жылдар Жуалы ауданында санэпидем стансада басшылық қызметте болған. «Мен нағашым Балта ақынға тартқанмын»-деп отырады екен. Арыстанбектің бауыры Рүстембектің ұлы Мұхтар Жамбыл аудандық ауруханасында білікті дәрігер. Арыстанбектің анасы отан соғысының алдында Бүкілазаттық көрмеге барып, Калининнің қолынан «Зингер» автомобилін алған кісі.
40.
Ақ жол газетінің 16 сәуір 1997 жылғы № 31 санында
«Егесіз батыр – Елеусіз жатыр» деген тақырыпта Шымырбай датқаның шөбересі Иса Тлекееұлы :
«Шымырбай датқаны тарихшылар зерттеп, әдебиетшілер деректі туындыларына арқау етіп жатса қанеки ! Ал менің айтарым – есіл ер ескерусіз де елеусіз қалмаса екен. Мұны көкірегі ояу, көңілі ашық азаматтар шынайы сезініп, түсінеді ғой деп ойлаймын» - деп өксігі мол өкінішпен әрі кейінгілерге аманат етіп жазып қалдырыпты.
Иса ағамыздың өкінетін дей де жөні бар. Кеңестік кезеңде тергеуші, сот, адвокат болып қызмет атқарды. Осы қолында күші , бойында қайраты бар кезде саясаттың кесірінен Шымырбай бабасын дәріптей алмады. Кейін тәуелсіздік алып, еркіндік берілгенде ағамыздың күші де қайтып, денсаулығы да сыр бере бастағандықтан ойын жүзеге асыра алмай кейінгілерге аманат етіп қалдырыпты.
Шымырбай датқаның мөрі бүгінге дейін шөпшегі Ғалымжан Исаұлының үйінде сақтаулы. Күмістен жасалған мөрдің ұзындығы 3,5см., ені 3 см, биіктігі 3,5 см шамасында. Күмістен құйылып жасалынған мөрде Асанұлы Шымырбай деп араб әрпімен шағатай тілінде жазылған. (Бән Хасан Шымырбай). Мөрдегі жазуды тексеріп оқыған Жамбыл ауданы Бәйдібек мешітінің имамы Ғарифулла қажы Қуанышбек ұлы Әмірбеков, Жуалы ауданы Әбдіқадыр мешітінің имамы Ержан Әмреұлы, Өрнек ауылының Наиб имамы Жайлау Мұсабеков және басқа да арабша хат танитындарға көрсеттік. Бәрінің пікірі бір жерден шықты. Тек мөрдің екі жағындағы ойып жазылғын сандарды ажырата алмадық.
41.
Пайдаланылған әдебиеттер :
Бәйдібек Баба – Алып Бәйтерек: Ұрпақтар шежіресі,-Алматы,Өнер,2004ж
Жамбыл Жабаев – Шығармалар жинағы, Алматы, Жазушы-1982ж
Қ.Байболұлы «Төле би» Алматы – 1989 ж
С.Бақбергенов «Алтын құс» Алматы, Жазушы - 1990ж
Шымыр ата төрт Қарағай ұрпақтары Құттық Баба шежіресі. Алматы – 2011ж
Ә.Жүргенов. Жел өтінде өскен бір ұлыңмын. Алматы – 2011ж
А.Махаева. Қазақ датқалары. 1988
Н.Гродеков. Киргизи и каракиргизи Сырдаринский области. Т-1,1889
Ахмет сұлтан Кенесары ұлы С.И.Лихтин типо – литографиясы,1889
Советский энциклопедицеский словарь. Москва 1982. 597 бет.
Айбын. Энциклопедия (Бас.ред.Б.Ө.Жақып – Алматы :
«Қазақ энциклопедиясы», 2011
Свободная русская энциклопедия
Уикепедия – ашық энциклопедиясы
Газеттердегі жарияланған мақалалар :
Ақжол 16.04.1997 № 31 Егесіз батыр – елеусіз жатыр.
Знамя труда 7.05.1997 Печать Кокандского датхи или судьба мятежного батыра.
Шұғыла 14.02.1998 №7. Шымырбай батыр туралы шындық пен аңыз.
Қолжазбалар мен ауызша тарихнамалар :
1. Әбділда Ойықбаев
2.Мырзай Дуанаұлы
3.Үсенқұл Тоғызбайұлы
4.Көсембай Демешұлы
5.Жапархан Күлейұлы
6.Садуақас Ділдаханұлы
7.Пернебек Тлепбергенұлы
8.Мәдіхан Рахманқұлұлы