Көк туымыздың авторы - Жаныс Шәкен Ниязбеков ағамыздың құрметіне туған ауылында тұрғызылған мемориал кешен

11.08.2022 Тараз қаласын айналып өтетін Шымкент-Алматы тас жолымен келе жатып қалаға іргелес орналасқан Шәкен Оңласынұлы Ниязбековтың туған ауылындағы мемориалдық кешенге тоқтап видеоға түсіргенім бар. Кешеннің басында Смаил есімді ағамыз кезек бойынша қарап жүр. Ол кісімен біраз әңгімелестік. Ауылдың ҚСРО дәуіріндегі аты бір бесжылдықпен байланысты еді, бергіректе Шәкен Ниязбековтың есімі қойылды. Кешеннен ауылдың зираты көрінеді, Шәкеннің әке-шешесі сонда жатыр екен. Жалпы ауылда Жаныс-Жамбайдың Әтей атаның ұрпағы тұрады. Жолдың арғы жағындағы бір ауылда Жамбайдың Тіней атасының ұрпағы бар. Кешендегі ту 23 метр биіктікте желбіреп тұр. Кешеннің жоба авторлары - Пірімқұлов Сейдилла Махашұлы мен Қонысбаев Жомарт Сатбайұлы есімді ағаларымыз. Мемориалдың құрылысы 2021 ж қантарында аяқталды. Кешеннің аумағында су ұңғымасы, туалеті бар. Бұл кешенді тұрғызуға атсалысқан барша ағайынымызға алғысымды білдіреміз, өңірде Мемлекеттік Рәміздер Күнін ресми түрде атап өткізетін нағыз жер енді осы кешен аумағында! Төменде марқұм Шәкен Ниязбековтың ту жобасын дайындағанда еңбегінің кейбір тұстарын қысқаша сипаттайтын бір естелік пен видеомды салып қоямын. Айтпақшы, Шәкен Ниязбеков кезінде телевизордың пультын ойлап шығарған адам.

Алдымен кешеннің видеосы:



1960 жылдары ТВ пультын ойлап тапқаны жайлы видео:



https://egemen.kz/article/305006-kok-tu-qalay-duniege-keldi

"Көк Ту қалай дүниеге келді?"

"Отанды сүю деген сөз – оның әр түйір тасын, өзені мен көлін, орманы мен шөлін сүйе білу деген сөз. Осындай шексіз махаббаттың, сүйіспеншілік пен адалдықтың тұмса тұнығынан ұлы туындылар өмірге келеді. Ұлттың мақтанышына, мемлекеттің нышанына айналған мұндай құнды дүние – көкте желбіреген Көк Байрағымыз. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы Мемлекеттік Тудың авторы, қазақ халқының бір туар ұлы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков туралы болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «...Шәкен Оңласынұлы жұмыстарын негізінен патриоттық тұрғыда жазды, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы болуы – тума талантымен қатар, Отанын шексіз сүйгендігі деп білеміз. Тәуелсіздігіміз баянды болған сайын Шәкен Оңласынұлының рухы халқымен бірге мәңгі өмір сүре бермек», деген болатын. Шәкен Ниязбеков тума таланты мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында елдігіміз бен тәуелсіздігімізді айғақтайтын, бүгінде әлем жұртшылығы анық танитын айшықты туындыны ұсына білді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес болып келеді.
Көкте желбіреген байрағымыз туралы Шәкен аға журналистердің «Мемлекеттік Тудың авторы болдыңыз деген хабарды естігенде, қандай сезімде болдыңыз?» деген сұрағына «Ең алдымен, Парламент бекіткен Тудың осы үлгісі халқымызға ұнай ма екен, халқымыздың таңдауына, талғамына сәйкес келе ме екен деген қобалжу сезімі басым болды. Бойымды бір түрлі қорқыныш сезімі билегендей күй кештім», деп жауап берген еді.
Шәкеннің жақын туысы болып келетін інісі, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаров Шәкен ағаның Тудың дүниеге келген сәті туралы былай дейді: «Ағаның үйі бұрынғы Коммунисттік даңғылы бойындағы «Қаракөз» кафесінің үшінші қабатында болатын. Алматыдағы жұмыс орнымды Түркістан қаласына ауыстырғанға дейін Шәкен ағамен жиі араласып тұрдым. Аға бір күні мені үйіне шақырып алып, Президент Әкімшілігінде Ербол Шаймерденов деген інішек Мемлекеттік Туды әзірлеу үшін конкурсқа түсуімді қалап отырғандығын айтты. Осылайша, конкурсқа қатысуға бел байлағанын жеткізді. «Мына жоба-сызбаларымды қарашы», деп салған бірнеше туындысын көрсетумен болды. Бір суреті бір суретінен артық салынғандай көрінеді. Шәкен аға бұл суреттер жайлы емес, қазақ тарихына ойысып кете бергені есімде. Күнде үйіне шақырады. Әр салған жобалары күннен-күнге өзгеше болып шығады. Суреттерінде жалпы тарих баяндалады. Мен соны көріп білгендей болдым. Күніге пікірін тыңдату үшін шақырады. Мен қарсы болмаймын. Барамын. Көп ұзамай көк тудың нағыз нұсқасы дүниеге келді. Сондағы ағаның жүзіндегі қуанышты айтып жеткізудің өзі бір бақыт екен!»
Қазақстандық патриотизм – бұл мемлекетіміздің рухы. Көрнекті тұлғаның бірегей туындысы саналатын Туымызды ел тізгінін ұстаған азаматтар сүйіп, халық алдында ант береді. Қастерлеп, айрықша бағалайды. Жігер мен намысқа арқа сүйеп, биік тұғырдан көрінген спорт саңлақтарымыз жаһанды жалт қаратқан сәтте Көк Байрағымыз желбірейді. Патриотизм – идеологиямыз бастау алатын күш-қуат көзі болса, Мемлекеттік Туымыз – рух пен жігердің қозғаушы күші іспетті.
Тағы бір айта кететін дүние – Қазақстанға айбар мен қайрат беріп тұрған үш терек бар. Үш терек деп отырғанымыз – Ту, Елтаңба және Әнұран. Бұл үшеуін біріктіретін байланыстың элементтері дара һәм еркін. Олар органикалық жағынан біртұтас. Олар рухани сұлулықтың, әділеттілік пен сабырлылықтың бейнесін білдіріп, бір-бірін үйлесімді толықтырып тұр. Оған Шәкен Оңласынұлының қосқан үлесі – ұшан-теңіз."

Ғалымжан МЫРЗАЛЫ,
Қазақстан Республикасы
Білім беру ісінің
құрметті қызметкері
FaLang translation system by Faboba