Шымыр-Темірден 1 жылқы ұрлағаны үшін өз елінен қуылып, ұл-немерелері тек 60 жылдан соң еліне қайтып келген Шымыр-Шілмембеттің бір ұрпағының хикаясы

Бауыржан Момышұлы өзінің "Ұшқан ұя" атты романында (1974), Дулат-Шымыр елінде шамамен 1850 жылдары орын алған бір ұрлықтын салдарын жазып кеткен:

...Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен. Бабастың Қабаш атты інісі болыпты. Қабаш жекжат-жұрат, тамыр-таныстарды аралағыш екен. Бір аттанса, үйіне айлап оралмайтын әдеті болса керек. Үйге келуін келгенмен, байыз тауып отыра алмайтын көрінеді. Ертерек ел қыдыруға шыққанша асығып жүреді екен. Осындай кезекті бір сапар алдында атын ерттеп жатқан інісіне Бабас тіл қатыпты:

- Ей, сен қайда тағы да...
Інісі де ожарлау болса керек. Ағасын кағыта сөйлепті:
- Сендер сияқты қашанғы үйкүшік болып отырайын. Ошақ түбін аңдуды саған-ақ бұйыртсын. Менің қатыным жоқ, балам жоқ. Салт басты, сабау қамшылы, арқам кең адам емеспін бе. Сен-ақ қатыныңды құшақтап жата бергін.
- Қабажан-ау, қолымызды мал қысқартып отыр ғой. Әйтпесе отау тігіп беріп, келінімнің қолынан дәм татып отырмас па едім.
Ағасының мына мәймөңке сөзіне Қабаш тағы да қияс жауап беріпті:
- Қолың ұзарғанша, жолым ашық шығар. Менің қайда жүргенімді қадағалап қайтесің, - деп аттанып кетіпті...

Содан Қабаштан хабар болмай үш айдың жүзі өтіпті. Бабас қобалжып, үй-іші үрпиісе бастаған екен. Осындай бір күпті күні Түлкібастағы Темір руының адамдары Қабаштың қолын байлап ауылға алып келіпті.
Қашан да даушының даусы өктем шығатын әдеті емес пе. Қабаш болса, қабағы түсіп, елге қарай алмай жер шұкылап тұр. Оны байлап әкелген жігіттер ел адамдарына қамшы үйіргендей қара бұлтты төндіре сөйлейді.

- Мінеки, мынау сұмаяқ, суыққол туысқандарыңды Шымкент базарынан ұстап әкелдік. Ауылымыздан ат ұрлап әкеп сатқалы түрған жерінен тұтылды бұл бетсіз...
Бабас қатты абыржып қалбалақтай берсе керек. «Ел арасына жік түспесін, ала жіп аттаған алаяқ атанбайық» деген намыс іші-бауырын жегідей жеген жайы бар көрінеді.
- Айналайындар-ай, амалым қанша! Қатар жатқан ел едік. Алыс-беріс, барыс-келісіміз жарасқан ауыл едік қой. Аттан түсіп, аяқ суытыңдаршы тым болмаса. Дәм үстінде, дастарқан басында отырып келісімге келелік. Айып бізден, ағайын, ауыртпалықтарыңды көтеруге әзірмін, - деп Бабас қол қусырып, тізе бүгіпті.

Жоқ іздеп, ұрысын ұстаған ауылдың жігіттері ат үстінде шатқаяқтап, шамалары келгенше шіренсе керек. Бабас онан сайын шыжгөбектеніп жалынады.
- Тілегімізді қабыл етіңдер. Жерге қаратып кете көрмеңдер, айналайындар.
Айыптының жүзі төмен ғой, ауыл адамдары Темір елінен келген жігіттерді жүгіріп жүріп күтіпті. Аяғының ұшымен кіріп, қаңбақша қалқып, дамыл алмай дастарқан тасыпты. Бәрі де мал иесі қуғыншылар мен дау иесі - билердің алдына шала жүгініп қызмет көрсетіпті. Мейлінше егіл- тегіл шашылады.

Қуғыншыларды Әлмембет бидің баласы басқарып келген екен. «Олар да бірқауым ел ғой. Жөн-жобасын білетін кісілері бар шығар. Мына жігітті ауылына алып барыңдар. Бір жылқының дауын өздерің-ақ шешерсіңдер» деп кіші баласы мен үш жігітті жұмсаса керек.
Бидің өзі келсе, салмағы ауыр түсетініне түсінген біздің елдің билері лайықты жөн-жоба таба алмай, қиналып отырғанда, Бабастың өзі ретін тапқан көрінеді:

- Менің алты қарам бар. Енді тағы да алты қара керек.
- Бұның қай сасқаның? Алты қара іздегенің не? - деп билердің біреуі сөзге араласыпты.
- Е-е, ақсақалдар-ай, әйтеуір көңілден шығып, көпке түрткі болмасақ дегенім ғой. Тоғыз қара айыпқа деңіздер, ал қалған үш қара сіздердің әділ қазылықтарыңызға төленеді. Мұны естіген билер тапқыр шешімге тәнті болған екен.
- Дұрыс айтасың Бабас. Әлмембет бидің келгенінен келмегені бізге ауыр тиіп тұрғанын түсініп айтқан сөзің ғой бұп... - деп күрсінеді би. - Ал онда не отырыс бар, әлгі жетпей жатқан малыңның біреуін мен берейін.
- Ойбай, биеке! Жасыңызға құлдық, - деп Бабас қол қусырып орнынан ұшып тұрады.
- Сабыр ет, Бабас. Әлі сөзімді аяқтаған жоқпын, - деп би қолын сермеп, менің бабам Имашқа (*Бәукенін атасы) қарапты. - Ал, Имаш Әжібаласы не бермек.
- Біз де бір жылқы береміз ғой, биеке.
- Ақабай-ау, Имаштан сенің жолың үлкен емес пе. Сенің лебізің қалай екен, - дейді би біздің ұрпақтың үлкеніне.
- Біз де қатардан қалмаспыз, биеке.
Би аз үнсіздіктен соң, бәсең үнмен төңірегіндегі билерге тіл қатыпты.
- Иә, енді міне тоғыз қара болды... - деп жер шұқылап отырады. - Жетер осы да... Өзге билер бір жолға тілегімді аяқсыз қалдырмас деп үміттеніп отырмын. Осы жолы екі тізгін мен шылбырды маған беріңдер, кейіннен көре жатармыз.
Өзге билер әділдікке жүгініп, әлгі уәждің алдын кеспепті.
- Сіздікі жөн, сіздікі жөн, - деп бәрі де құп алады.

Осылайша Бабастың есебінше жетпей жатқан үш қараның да орны толыпты. Айып төленіп, даушылар ауылдарына аттанады. Барын беріп қара жерге қарап қалған Бабастың үйі, ескі қоныстан көтеріле алмай отырып қалған екен. Ел маңынан өткендер «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы», «алаяқтар ауылы» деп өтетін болса керек. Қара таңба әркімнің бетіне шіркеу болып, жүздері төмен жүреді.
Тіптен бас қосыла қалған жерде әлгі айғақты ат бадырайып шыға келеді екен. Бірде сейсенбі базарына барған біздің базаршыларды біреулер мұқатыпты:

- Е-е, сендер ұры ауылының жігіттері екенсіңдер ғой.
Бұл сөзге жауап қата алмай, ауыздарына құм құйылған біздің жігіттер, іздерінше ат басын ауылға бұрған екен. Базаршылардың алдынан шыққан ел, құралақан жігіттерді көріп аңтарысып қалған көрінеді.
- Неменеге тесіле қалдыңдар. Елге қарауға бетіміз күйіп, «ұры» деген атақтан қашып кеп тұрмыз, - дейді базаршылар.

Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Сонан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайдан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады.

- Енді қайда барсаң, онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық,- деп теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыс ауыры «теріс бата», жазаның үлкені «қасқа» етіп әйгілеп, елден қуып қаңғытып жіберу болыпты ғой. Сол Бабастың кенже ұлы Орманқұл менің көкем Момынқұлмен жасты еді...



1921 жыл еді. Ел етек-жеңін жинап тойына бастаған кез. Жаздың бел ортасы болатын. Ауыл қара жол үстіндегі жайлауда. Үлкендер қыстау басында пішен шауып, егін суарып жүрген. Малшылар Ақсай бөктеріндегі жайлауда қоныс тепкен. Мен қозы баққан балалармен бірге жүремін. Шілік ойнаймыз. Осындай ойын қызған шақ еді. Кенет қара жолдың бұйра шаңын баяу түтіп торқасқа мінген жолаушы келеді екен. Бізге жақындағанда ат тізгінін тежеп, тіл қатты.

- Әй, балақайлар, бері келіңдер!
Біз тобымызбен жүгіріп бардық. Бір байқағанымыз - жолаушының ат-тұрманы, киімі ел адамдарына қарағанда өзгешелеу екен. Ширатқан қара мұртты, қырынған көк иекті, қара көз, атжақты, қырмұрын жігіт бізге қарап жымиып тұр. Жас шамасы отызды жағалап қалған сияқты. Ол кілем қоржынына қол салып бір-бір уыс өрік үлестірді. Сонан соң қамшысын шошайта сілтеп, бізге тіл қатты.
- Ана ауыл Үсен әулетінің тұрағы ма?
- Иә, - деп шу ете түстік біз.
- Дәуренбай тірі ме?
- Иә, атам әлі өлген жоқ, -- деді менен екі-үш жас кіші Мырзабай.
Ат үстіндегі жігіт езуін жиып күліп алды.
- Сен өзің кімнің баласысың?
- Мырзабаймын ғой.
Жігіт тағы да мейірлене жымиды.
- Атаңның кімі боласың?
- Атам мен апамның баласымын ғой. Егер сенбесеңіз, мына балалардан сұраңыз.
Жігіт енді қарқ-қарқ күлді.
- Неге сенбейін, айналайын. Сендім, қарағым, сендім.
- Бұл - Дәуренбай атамның үлкен ұлы Ормантай көкемнің баласы, - дедім мен білгірсініп.
- Ал, сен өзің кімнің баласысың?
- Момыштың баласымын.
- Әлгі молда Момыш па?
- Иә, молда атамның баласы, - деп менен бұрын Мырзабай жауап қатты.
Жолаушы бізге тағы да үш-төрт өріктен үлестіріп берді де ауылға қарай тартты. Біз танымайтын кісінің берген базарлығына мәз болып қозымызға қарай жүгірдік...

Әкем бір күміс білезікке мәймөңке шауып нақыстап отыр еді. Сырттан дауыс естілді.
- Момыш! Үйдемісің?
Әлдекімнің қырылдақтау үнін естігенде, әкем орнынан ұшып тұрып, сыртқа ұмтылды
- Ассалаумағалейкүм.
- Уағалейкүм салам.
- Үйге кіріңіз, Дәуке...
Әлгі қалтырақ үннің қарт кісінің даусы екенін енді білдім.
Дәуренбай ақсақал төрге жайғасып, бүкіл омырауын қаптаған, (жас кезінде ол кісіні жеңгелері «қабасақал» дейді екен) аппақ сақалын сипады. Дәуренбай атамның әдеттегідей өзгешелеу толғанып отырғанын сезді ме, әкем мені сыртқа жұмсады.

- Әй, сен бара бер...
- Отыра берсін. Ешқандай оңашалайтын ағат сөз жоқ, - деді Дәуренбай атам.
Дәуренбай Бабастың үлкен баласы екен. Өз бетімен ауыл қыдырмайтын, шақырмаса бармайтын ерекше сыпайы кісі десетін. Сол кезде жетпістен асқан шағы болар, шамасы.
- Ал, Дәуке, екі құлағым сізде, - деді әкем аздан соң.
- Сенер-сенбесімді білмей отырмын, Момыш.
- Неге? Не боп қалды, Дәуке?
- Өлген тірілді дегенге сенесің бе? - деп үлкен қой көзімен әкеме тік қарады.
- Сен десеңіз, сенейін, Дэуке, - деп әкем жымиды. - Жұмбақтамай-ақ айта берсеңізші.
- Жұмбақ па, жоқ әлде шынымен-ақ ақиқат па. Сенер-сенбесімді білмей отырмын дегенім сол ғой.
- Тәңірі-ай, енді не болса да айтсаңызшы, - деп әкем тықыршып тағы да жымиды.
- Жүр біздің үйге. Есітеріңді сонда естисің, - деп Дәуренбай орнынан тұрды...

Олар кетті. Мен аң-таң болып үйде қалдым.
Әкем түн ортасында оралыпты...
Мал өргізіп болған соң өзі тағы да Дәуренбайдың үйіне қарай беттеді де, жұмбақ үсті жұмбақты шеше алмай мен қалдым. «Кешегі жігіт кім екен?», «Дәуренбай атам неменеге сенер-сенбесін білмей жүр екен?», «Әкем ол үйге неге қайтадан кетті?», «Өлген тірілді дегенге сенесің бе?», «Сен десеңіз, сенейін...»

- Шырағым-ау, сен әлі үйде екенсің ғой. Өзге балалар өрісте қозыларының соңында жүр,- деген әжемнің даусынан селк ете қалып, орнымнан ұшып тұрдым. Жалма-жан үйден жүгіре шықтым...
Екі күн өтті. Қозы қайырып жүргенбіз. Қос салт атты қара жолмен күнбатысты бетке алып аттанып барады екен. Біреуі - бұрнағы күні балаларға өрік үлестірген торықасқа атты жігіт, екіншісі - көк дөненге мініпті. Бұл - Мырзабайдың әкесі Ормантай. Үшінші күні Мырзабай да қозы қайырысуға шықты. Бәріміз жаңалық білуге құмартып Мырзабайды ортаға алдық. Алайда жарытып ештеме айта алған жоқ.
- Қайдан білейін. Мені атамның үйіне жолатпай қойды. Әйтеуір өздері күбірлесіп сөйлеседі. Көп адамның басын да қоспады. Молда атам, Аққұл атам, Тоқмырза атамдардан бөтен ешкім де болған жоқ.
Мырзабай одан өзге ауыз тұшыр әңгіме айта алмады...
- Молдеке, анау күні Дәуренбайдың үйіне келген жігіт кім екен? - деп сұрады әкемнен бір туысымыз.
- Ормантай оралған соң, бір-ақ білерсіңдер. Әзірше сабыр ете тұрыңдар, - деді әкем оған...
Қара жолдан қос дөңгелекті үш сартарба, бір топ аттылар көрінді. Атты топтан үш жігіт суырыла шығып, ауылға қарай құйындата шауып келді.

- Сүйінші! Сүйінші.
Дәуренбай атам көзі жасаурап, қол-аяғы дірілдеп, қызыл түлкінің терісін әлгі жігіттерге ұсынды. Менің әкем жарты уыс күміс теңге салды. Өзгелер де жамырасып, жақсы хабар әкелген жігіттерді сыйлап жатқанда, естігеніміз қуанышты жалғыз сөз еді. Жұрттың бәрі:

- Жаңа туысқандар келді. Жаңа туысқандар келді, - деп елпілдей жүгірісіп жүр.
Ауыл адамдары қарсы алуға шықты. Екі жақ бір-біріне жақындағанда, бір шоқша сақалды шал атынан ырғып түсіп, елпелектей жүгірген күйі ауыл адамдарын бастап келе жатқан Дәуренбай атамның алдына:

- Әруақ! Әруақ! - деп етпетінен жығылды.
У-шу, ығы-жығы. Бұрын бейтаныс кісілер көрісіп, құшақтасып, сыңсыласып, төс түйістіріп опыр-топыр араласып кетті...
«Өлген тіріледі дегенге сенейін бе, Момыш?»
«Сен десеңіз сенемін...» деген жұмбақтың шешімі осы екен деп екі нүкте қоя тұрайық:

Сөйтсек, әлдеқашан ұмытылған Қабаш тіріліп елге, өзі қарабет болып қуылған ататегі, адал қонысына қайтқан екен. Оның баласы алпыстан әлдеқашан асқан Бапыш деген кісі болып шықты. Дәуренбай атамның алдына жығылған сол кісі екен. Қабаштың немерелері Ыстықұл мен Әбдіш екен. Елін іздеп келген жігіт сол Ыстықұл болып шықты. Ал шөберелері Айнаш, Оспан, Әмір, Әлиялар да келіпті. Бапыштың кемпірі мен екі келіні және бар. Қабаш тіріліп қайтты дегеннің мәні осы еді.

Қабаш елден жиырма бесінде кеткен екен. Ал оның тұңғыш баласы Бапыш ауылды алғаш рет алпыстан асқанда көріп отыр. Олар келген жылы әкем алпыстың бесінде болатын. Дәуренбай атам шамасы жетпістің бесеуінен асқан кезі болса керек. Сонда Дәуренбай атам Қабашты он бір-он екі жасында көрсе керек.
Қабаш елден кеткен соң, Ташкентке жақын Шыршық өзенінің жағасына барып бір-ақ тоқтайды. Осында бір орта диқанға жалданып жүреді. Күріш, бау-бақша, мақта өсіруді үйренеді. Кірпіш құйып, үй тұрғызу, аяқ-киім жамау сияқты өнерлердің де дәмін татады. Осылайша ол қолынан іс келетін икемді жігіттердің санатына қосылыпты.
Сөйтіп жүріп ол екі жылдан соң жалданған үйдегі кіші кенаимды (жеңгей)... алып қашып, ізіне су құйып жоқ болыпты...
Бапыш Термез қаласының маңындағы өзбек ауылында туады. Бапыш жетіге келгенде, Самарқанның салқың тауларының бөктеріне қоныс аударады.
- Иә, балам, біз Құли деген ел боламыз. Атамекеніміз Алатаудың Ақсай-Көксай деген бөктерлерінің баурайында еді. Мыңбұлақ аталатын жайсаң жер еді ғой. Жазы салқын, қысы қатал келеді...
Құлилардың ішінде біз Үсен деген тарауына жатамыз. Үсен болса Өтеулі, Батырбек, Әжі ұрпақтарына бөлінеді. Біз болсақ Өтеуліденбіз. Менің ағам Бабас дейтін кісі болған. Менен мүшел жас үлкен еді... Мен ағайыныммен араздасып жиырма бес жасымда осы жаққа ауып кеткенмін... Сендер менің бетімді жауып, асымды бергеннен кейін, сол елді тауып, үйірлеріңе қосылу жағын ойлаңдар, - деп қарт Қабаш көз жұмған екен...

- Ол кезде менің кішкене бала кезім. Неге ренжіскендерін аңғара алмаппын. Қайдан білейін, - дейді Дәуренбай.
- Мен онда жарық дүниеге келмеппін де... Ағайын арасында бола береді ғой, Қапеке, ол жағын қазбалай беріп қайтесіз... Қүдайға шүкір, үйіріңізге бала-шаға, немерелеріңізбен топтана қосылып отырсыз, - депті менің әкем.
- Әйтеуір маған бір жұмбақ, - депті Бапыш терең күрсініп.

Жаңа туысқандар ұқыпты еңбекқор екен. Біздің ауылға тез сіңісіп кетті.
ЬІстыкұл ауылсовет, аудандық советтерге қатысып, ел ішіндегі белгілі активтердің қатарында болып жүрді. Оның Оспан дейтін ұлы менімен түйдей жасты еді. Бірге өстік. Әбдеш те өз қатарынан қалып көрген емес.
«Жаңа туысқан» деген жанама ат бір-екі жылда-ақ ұмытылып еді...
FaLang translation system by Faboba