Бөлтірік шешеннің (1771-1854) Дулат ру басыларының таласына араласып төрелік еткені жайлы

"Әулиеата шаһары, қыс кезі болса керек. Дулаттың өңкей ру басылары осында жиналып, әңгіме-дүкен құрады. Әңгімеден әңгіме туып, сөз шарпуы әр рулардың дарқандығына, сый-құрметіне ауысады. Бірақ әуелден-ақ терезесі тең, бір әкеден өрбіген төрт рудың шонжарлары бір-біріне дес бермейді. Мұның арты таласқа айналады. Сонда біреуі тұрып: "Бұған ешқайсымыз билік, әділ төрелік айта алмаймыз, сондықтан қалыс ағайын Ысты Бөлтірік бидің уәжін тындайық", - дейді. Сонда бәрі осыған тоқтап Шу бойында жатқан Бөлтірікке кісі шаптырады.

- Жол-жөнекей Бөлтірік би мәселені ойланып-толғанып, жауап әзірлейді. Күтіп отырғандар өздеріне таныс Бөлтірікке құшақ жая қарсы алады. Ақырында шаруаларын әзіл-қалжын әңгімеге айналдырып, сиырқұйымшақтатып жібергісі де келмейді. Бірақ аналар қоймайды. Сонда Бөлтірік әзіл-қалжынды араластырып: "Жаныс көп пе, қамыс көп пе? Шымыр көп пе, шыбын көп пе? Сиқым көп пе, қиқым көп пе?" деген. "Сендер өсіп-өнген атаның өкілдерісіндер, мен сын айтамын деп, мін айтып, жақыннан жау тауып алып жүрмейін, қинамаңдар!" — дейді.

Сонда Дулаттың басшылары: "Бөлтеке, не болса да әділін айт, ешкім де ренжімейді. Қалай болғанда да төрт атадан төрт ат, төрт шапан дайын" - дейді. Сонда Бөлтірік:

- Алыс-беріс жасаймын десең. Жаныспен жегжат бол. Ұрыс-керіс жасаймын десең, Ботбаймен жегжат бол. Шымырмен жегжат болсаң, шіреніп жүріп өлтіреді. Сиқыммен жегжат болсаң жыланып жүріп өлтіреді, - деген екен.

Әрине, мұның артық-кемі де болуы мүмкін. Дегенмен бидің мұндай тапқыр сөзі ел арасында лезде тарап кетеді."

P.S. Мәлімет интернет желісіндегі Бөлтірік Әлменұлы туралы мақаладан алынды
FaLang translation system by Faboba