1700-жылдары елдің Тараз, Шымкент маңайын жаудан азат етуге үлесін қосқан қазақтың қайсар қыздары

Қазақ арулары сұлулығымен, ибасымен, ісмерлігімен ғана емес, ержүректігімен, батырлығымен де аты шықан. Сақ патшайымы Томирис пен бертіндегі Әлия мен Мәншүктің ерлігі әрбір қазақ жанға белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, тағы мына есімдер көпшілікке танымал:

Гаухар (Шығыс Қазақстан, Үржар жерінде туған, атақты Қаракерей Қабанбай батырдың әйелі), Назым (Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гаухардан туған), Айбике (Абылай ханның жау тылындағы барлаушылардың басшысы болған), Бопай (қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қарындасы), Ботакөз (Тама Есет батырдың қызы), Бақты (Бақтықыз) (Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі), Сапура Мәтенқызы (Көктемір) (ғалым Е. Бекмаханов «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегін жазған), Жапалақ (Тілеулі батырдың некелі тоғыз әйелі болған екен. Соның бірі – Тама Есет батырдың туған қарындасы Жапалақ. Ол жарымен бірге жорықтарға қатысып, құралайды көзден ататын мергендігімен қалмақтардың талайларын жайратып салған.), Жәнделі қыз (Қалмақ шапқыншылығы кезінде, кейіннен Алтай-Тарбағатайды қытайлар иемденіп қалмақшы болғанда, ерлігімен, тапқырлығымен аты шыққан. Оның руы – Найман.), Дәулетбике (Орта жүз қыпшақ).

Қазақ елінің оңтүстігін мекен еткен екі батыр қыз туралы мынадай бір дерек таптым:

1) "«Нышанкүл сай» – аталатын шатқал Ленинский путь аталатын елдімекеннен батысқа қарай 8 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл шатқал Берікқара, Жұрынсай, Саясу шатқалдарының солтүстік жағында. (*Жамбыл облысының Жуалы ауданы болса керек)
Сайдың бұлай аталуын сол өңірдің тұрғыны Бектанұлы Мұраттың айтуы бойынша бұл жерде Жаныс руының Нышанкүл есімді қызы қырғыздардың шапқыншылығына ерлермен қатар тұрып, қайрат көрсеткен, сондықтан бұл жер өжет қыздың есімімен Нышанкүл сай деп қойылған атау." (Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы. Байдалиев Д.Д.)

2) "...Сайрам маңындағы бір ұрыста Сиқым Рысбек батыр жауына есе жібермей қылышын оңды-солды сілтеп қайтпай соғысып жүрген бір жас жігітті көреді. Шайқас біткен соң әлгі жігіттің кім екенін білгісі келіп оны алдына шақыртады. Сөйтсе әлгі жігіт дегені шашын бөркінің ішіне жасырып, ерлерше киінген қыз бала екен. Сонда Рысбек:
-Қарындасым, айналайын – соғыс деген ер жігіттің еншісі. Жаудан өзіміз-ақ кек аламыз... деген кезде Рысбектің сөзін аяқтатпай қыз жалма-жан:
-Жоқ аға жауда менің қайтпай жүрген кегім бар. Жауыздар менің әкем мен бауырымды өлтірген. Атым – Монтай, - дейді.
Рысбек батыр кеудесі кекке толы өжет қызды соғыстан шеттетпей қыз балаға қолайлы шаруа жүктегелі аз-кем ойланып қалады. Сонда Монтай:
-Менің әкем осы аймаққа танымал сынықшы болатын. Оташылық менің де қолымнан келеді, - дейді. Рысбек батыр:
-Жарайды онда мен саған жәрдемшілер қосып берейін, жаралылар қосынына оташы бол, - дейді.
Содан бір күні Рысбек батырлар жорықта жүргенде жаралылар қосынына жау шабады. Монтай қолға қару ұстай алатын жаралыларды түгел атқа қондырып жаумен шайқасқа кіреді. Осы шайқаста Монтай да жаралылар да бірі қалмай ерлікпен қаза табады.
Рысбек батыр сол Монтай қыз қайтыс болған жердегі бастаудың басына белгі етіп үлкен тас қойдырады. Ол белгіні ел «Монтай тас» - деп атап кетеді.
Сол Монтайдың әкесі шежіре бойынша біздің әулеттің жоғарыдан санағанда жетінші атасы болатын. Бұл естелік әңгімені бізге баяндаушы журналист, шежіреші қария (марқұм) Шөкенов Шералы деген кісі еді. (Батыр - елдің сәулеті. Байдалиев Д.Д.) (*бәлкім Түркістан облысының Қазығұрт ауданына жақын Монтайтас атты елді мекеннін аты осыған байланысты? Бұл орайда Шөкенов Шералының білетін туыстары хабарласса екен деген үміттемін).


FaLang translation system by Faboba