Төле би

Төле би

Үш жүздің басын біріктіріп отырған Әз Тауке хан өлген соң, ауыз бірлігі кеткен қазақты қалмақтар онды-солды шауып, ақыры «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратты. Сонда Төле би (1* осы сайттағы шежіреде №350) қалмаққа бағынамын деп кісі жіберіп алдап, өзі Сиқым Мәлік батыр (2* №***), Бөгежіл Көтен батыр, Шымыр Қойкелді батыр (3* №314), Сіргелі Қаранай батыр, Қаңлы Құнан батыр, Қонырат Төлебай батыр, Рамадан Алшынбай батырлармен келісіп,


Шыршықтың (4* Өзбекстандағы Чирчик өзені) тасып жатқан өзенінен Қожакенттің (5* Өзбекстандағы Ходжикент - Xojikent ауылы) көпірімен өтіп, Жиделі Байсынға (6* Өзбекстанның оңтүстігіндегі Байсун - Boysun деген қала болса керек) көшіп кетеді. Қалғаны қалмаққа бағынып қалады. Алты жылдан соң қалмақтарға шешек ауруы тарап, олар Ташкенттен кетеді. Оны есітіп, Төле би ауған елдермен қайта оралады.

Сол кезде қалмақ ханы Баршахан Төле биге өзінің уәзірі Сеңгілді (Саңғыл) жіберіп, оның бағынуын талап етеді. Төле би елшіні шарап беріп күтіп, мас қылып ұйықтатып тастағанда, жиені Сиқым Шінет батыр (7* №916 - 20.10.2019 жаңартылды) оның алтын айдарын кесіп, майталман қылады. Оған ашуланған қалмақ ханы сол шашты кескен адамды беруін талап етеді. Төле би оған өз ұлы Жолан батырды (8* №357) беріп жібереді. Қалмақтың ханы Жоланның нағыз бек екенін біліп, босатып жібереді де, артынша жау болғандығын білдіреді. Ол кезде Төле би Жетікентте (9* Өзбекстандағы Фергана аймағында) екен. Қалмақтың елшісіне шарапты тағы баса беріп, мас қылып тастап, Қоқанға қарай қашып, ауып кетеді. Түркістан, Сайрам, Шымкентті қалмақ алып, Төле бидің Қожабек (10* №356), Жолан деген екі ұлын қалмақтар тұтқынға алады.

Төле би Тойтөбеге (11* Өзбекстандағы Тойтепа – To’ytepa ауылы, 2017-ден Нурафшон) жеткенде бұл хабарды есітіп, қайтып Қыбырай (12* Өзбекстандағы Кибрай - Qibrai), Дөрменге келіп, Телімбет деген жігітті қалмаққа елші етіп жіберіп, екі баласын босатып алады да, Жиделі Байсынға ауып кетеді.

Кейін қалмақты Қытай алып кеткен соң Төле би Жиделі Байсыннан қайтып келеді. Ол құрама ішіндегі үйсін Бүркіт бимен одақ құрып, Ташкенттегі Жолбарыс ханды жеңіп, орнына билікке отырады. Ол он екі жылдай Ташкентті билейді. Садыр деген қырғыз Ұлы жүзді шапқанда, Төле би Арқадағы Абылайды келтіріп, қырғызға қарсы аттандырады. Сол соғыста Ботбай Сәмен батыр қырғыздың Кәрібоз деген батырын жекпе-жекте жеңіп шығады. Соғыста Абылай қырғыздарды жеңіп, бір топ адамдарын және мал-мүліктерін қолға түсіріп өзімен бірге алып кетеді.

Төле би қартайған соң Жүніс қожа деген сартты (өзбек) Ташкентке әкім етеді (13* біреулер Дулаттың Сиқымы, Жанысы, Ботбайы мен Шымырдың арасындағы Ташкенттің билігіне алауыздықты туғызбау үшін дейді). Төле би дүниеден өткенде денесін Ташкенттегі Шайқантәуір бейітіне қояды. Оның бейітін халық «Қарлығаш (Калдыргоч) әулие» деп атайды.

Сиқым Мәлік бидың баласы Босмойын би (14* №***) Ташкенттің билігіне таласып, оны алуға күш салады. Оған Қаңлы, Шанышқылы билері қарсы болып Жүніс қожаның жағына шығады. Олар Дулатты жеңіп, Ташкенттен қуып жібереді. Қырғызды шауып күшейген Жаныс Ақбота бидің Ырысбай деген баласынан туған Бәйтік би (15* №365) Төле бидің орнына қайта таласады. Бірақ Қыпшақ, Өзбек, Шанышқылы, Қаңлы Дулатқа тағы да қарсылық көрсетіп тұрғанда, алауыздықты пайдаланған Қоқан ханы Әлімхан інісі Омарханмен бірігіп бір жылдың ішінде Ұлы жүзді өзіне қаратып алады. Олар Арқадағы қазақтарды да бағындырмаққа әрекет жасап жүргенде орысты өшіктіріп алады да, олардың қазақ жерін басып алуына себеп болады.

Қазақ шежіресі. Зайыр Сәдібеков.

1994 ж.

FaLang translation system by Faboba