Алтынемелдің жері үшін Жалайыр мен Найманның 7 адамы өліп дауласқанда, Дулаттар кімді қолдады, дау қалай шешілді?

Матай мен Жалайыр елдері Алтынемел үшін таласып, ұрыс болғанда, екі жақтан жеті адам - төртеуі Жалайырдан, үшеуі Матай жағынан өледі. Ол кезде Жалайырды билеген Тезек төре екен. Төре Күреңбелде отырған. Өзі билеген елден бір кісі артық өліп, Матайлардың есесі кетіп бара жатқан соң, аманат қойып миятқа, Шу бойындағы калың Дулатка адам шаптырады. Ал, Матайлар арғынға кісі шаптырады. Шу бойындағы қазақтарды билеген Әлі төренің ордасына Жалайыр жіберген шапкыншылар келіп жетеді. Төре жөн сұраған соң, олар мынаны айтады:

- Ағайындар, ер құнды болды, нар пұлды болды. Алтынемел тауына таласып, Наймандар адамдарымызды қырып барады. Соған миятқа шақыра келдік, - дейді.
Әлі төре істің жайына түсінген соң, ақылшы билерін жиып алады. Шапыраштыдан Сұраншы батырды, Талғардан Туғандай биді, Ботбайдан Қарабай, Диқанбай билерді, Сәмбеттен (*Шымырдан) Дәуітәлі биді шақырып алып, оларға тай сойып, қонақасы береді. Бұл уақытта Жалайырдың миятқа шақыра келгенін естіген жігіттер де дайындалып, төре ауылына жиналып қалады. Шақырылған адамдар түгел келген соң, төре билерге мән-жайды айтып болып:

- Ағайынның шақыруына бәрің барасың ба, жоқ бірің барасың ба? - дейді. Сонда жастар жағы:
- Бәріміз барамыз, Матайларды қырамыз да жоямыз, - деп атқа мінбек болады. Осы жерде Бөлтірік (*1771-1854) сөз алады:
- Ағайын арасы қанша қырқысса да, аяғы бітімге келеді. Сондықтан қырқыспай жауласпай тұрып, бітісу керек, - дейді. Сонда Әлі төре:
- Олай болса, бітімге кім барады?

Мұны естіген соң әрбір ру өкілдері өздерінің билерін атай бастайды. Сиқымдар: "Шомай би барсын",- дейді. Көпшілік оны ұнатпайды. "Бұл дау Шомай баратындай түйенің қом-шомын істеп жатқан жер емес қой" - дейді. Сәмбеттер: - "Дәуітәлі би барсын",- дейді. Бұл да өте семіз болғандықтан, көпшілік тағы қарсы болып: "Дәуітәлі ыңыранып арбасымен сонау Алтынемелге жеткенше, ел тарап кетеді ғой", - дейді. Жаныстар: "Қарабай би барсын",- дейді. Қарабайдың билігінен батырлығы басым кісі екен, сол жағын еске алып көпшілік: "Қарабай баратын Алтынемелде қаптал жатқан жау жоқ",- дейді. Шапыраштылар "Сұраншы батыр барсын",- дейді. Жұрт оған да көнбей: "Бұл дау Сұраншы батыр баратын ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы керек жер емес", - дейді. Сарыүйсіндер: "Сары би барсын", - дейді. Халық оған да көнбей: "Бұл дау Сары би баратын Алтынемелде қыз-келіншектер айтысып жатыр дейсің бе?",- дейді. Дулаттар: Диқанбай, Туғанбай, Бәйімбет билер барсын деп, тағы да сөз көтереді. Әлі бұларға да келіспейді. Аталған билердің бірін де жұрт ұнатпаған соң, көпшілік ішінен бір дана қарт шығып былай дейді:

- Мұндай үлкен дауға ауыздыға сөз бермейтін, аяқтыға жол бермейтін өте шешен, өте жүйрік адам керек. Өз ата Ысты аруағы деп ауыздарыңа алмайсындар. Бұл дауға Ысты Бөлтірік барсын. Одан шешен, одан тапқыр қайсың барсың? - деп біраз тоқтайды да: - Оған серік Кебекбай, оның қасына еріп Байғазы барсын дейді. Дана қарияның бұл ұсынысы қабылданып, Алтынемелге сол үшеуі аттанады.
Арада бес-алты күн өткен соң елшілер өздеріне арналып тігілген үйге келіп ат басын тірейді. Матайлар Қоянкөздің аржағына, Жалайырлар бер жағына тоқтайды. Калың ағайындар үшін бірнеше ақ үйлер тігіледі. Матай жағынан Құнанбай, Құсбек төре, Тәнеке би сияқты Орта жүздің адамдары атқа мініп, судан өтіп, Бөлтіріктер түскен үйге келіп "Ұлы жүздің баласы" деп сәлем беріседі. Бөлтірік олардан жөн сұрайды:

- Арғыннан Құнанбайды, Тәнекені естуіміз бар, ал мынау сыпырма бөрік кигенің кім? - деп Құнанбайға еріп келген Құсбек төрені қағытады. Сонда Тәнеке би:
- Әу, Бөлтеке, байқап сөйле! Бұл кісі Құсбек төреміз ғой! - дейді. Бөлтірік мүдірместен:
- Алдияр, тіл-аузым тасқа, - деп азырақ кішілік еткен болады да, Құсбекті тағы қағытады:
- Олай болса төре елшісіз бе, жаушысыз ба? Біздің елдің төресі ағайын арасының, дауын бітіріп кел деп, бізді жіберді, өзі үйде жатыр. Мұндай даулы жерге төреге не бар? Қайдан білейін түріңізге қарап Қызылжардың былғары сататын ноғайы екен, мына өліп жатқан адамдардың терісін сатып алуға келген ғой деп ойлап қалып едім, - дейді. Құсбек төре қып-қызыл боп ұялып, жақ аша алмай қалады. Құсбектің жеңілгенін аңғарған Құнанбай Бөлтірік алдында кішілік жасай бастайды:

- Бөлтеке, сіз аға боласыз ғой, осы даудың билігін өзіңіз айтсаңыз қайтеді? - дейді. Құнанбайдың бұл сөзіне риза болған Бөлтірік сыпайы жауап береді.
- Құнеке, "аға - бордан, іні - зордан" деген атаның салған жолы бар.
Сонда Тәнеке:

- Бөлтеке, "Аға тұрып, іні сөйлегеннен без" деген. Үш жүздің баласына билік айтқан Төле би атаңыз ғой, жол сіздікі дейді.
Сонда Бөлтірік жүгіне қалып, қолындағы қамшысын тастай бере былай деген екен:

- Мен айтсам, істің дәлелін, биліктің әділін айтам, бұл Алтынемел, әуелі Құдайдікі. Бұл жер болғалы қаншама ел көшіп өтпеді, кім жайламаған бұл жерді. Алтының - алтын, ал Емелің - қалмақша емес пе? Қазақ түгіл қалмак та мекендеген бұл жерді. Хақас, он екі баулы ноғайлы да жерленген жер бұл. Ең ақыры қазақ қоныстанған. Ағайындар сонау тас молаға көз салыңдаршы? Ол, ең әуелі ноғай қонған, ол кеткен соң үйсін Шомай қонған. Үйсін ішінде Жаныс, оның ішінде Қасқарау қонған. Сол тас мола Алақай кемпірдің моласы. Алты найманның мұрнына жел түсіп, Алақай тәуіп кезінде соларды алты сиырдың сүтімен емдеп, алтауын да жазған екен. Айыққан соң орта жүздің тентек балалары тәуіптің батасын алмай, алты сиырын айдап кетіпті. Найман сол уақытта-ақ зорлық жасаған екен. Тас мола белгісі бар Алтынемел - Жалайырдікі. Жер туралы билігім сол! - дейді Бөлтірік.

Құнанбай Бөлтіріктің билігіне дау алмай, "мақұл" дейді де:
- Ал Бөлтеке, өлген жеті адамның құнын айтыңыз? - дейді. Сонда Бөлтірік:
- Өлген жеті адам - Найманнан үшеу, Жалайырдан - төртеу екен. Сондықтан Найман жағы бір адамға құн төлесін, - дейді де қасында отырған Кебекбайға қарайды. Сонда Кебекбай жүгініп отыра қалыпты:
- Есебін тапқан ерге ердің құны екі-ақ ауыз сөз ғой, қара халықтың бірлігі болса, шешеннің билігі болса, ханның берер аты, қара тоны, кілемі болса,- деп билікке тиісті заттарды ескертіп келеді де, сөзін жалғастырады:
- Найман жағы бір адамды артық өлтірген екен, бұл үшін Найман бір адамның кұнын төлесін! "Су түбін шым бекітеді, құнның түбін қыз бекітеді!" - деп тоқтайды.
Құнанбай Кебекбайдың бұл астарлы сөзін ұғады.

- Анау артық өлген бір адамың құны үшін Найман жағы Жалайырға қалыңсыз қыз беріп, тынсын! - деп отыр. Бұған қалай қарайсыздар? - дейді. Жұрт мақұл деседі. Содан екі елдің арасы жаулықтан енді құдалыққа айналып, ұрысқа дайындалғандар сойылдарын отқа жағып, күліп-ойнап тарқасыпты дейді.

Дауды бітіріп, елге келген соң, Бөлтірік Әлі төренің алдына келіп дауды қалай шешкендігін баяндайды және дауға бармаған билерге өзінің билігін сынатады. Сөзінен мін таппаған төре рахметін айтады. Бірақ, Сары би Бөлтіріктің Алақай тәуіп туралы айтқан сөзінен мін таппақ болып:

- Уай, Бөлтірік, сиырың не, Ұлы жүзде жылқы жоқ па еді? - депті. Сонда Бөлтірік Сарыға қарап:
- Сенің білместігің-ай осы. Мұрынға түскен желге сиырдың сүті ғана ем болады, ал жылқының сүті мұрынды жеп жатқан кұртты қоздыра түседі, - деген екен.

Ата-бабаларымызды халықты жөн-жосықсыз төгілген қаннан, кырғыннан сақтау үшін қылыш пен найзаны қару етпей, сөз өнерін, шешендікті қару ете білуі - үлкен адамгершіліктен туғанын осы сынды аңыз-хикаялардан анық байқаймыз.
FaLang translation system by Faboba